Атырау облысының тұрғындары үй ішіндегі жыланмен арпалысып әлек

Almaty.tv
Almaty.tv
Атырау облысында 107 көппәтерлі үйдің тозығы жеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғындары үй ішінде қаптаған жыланмен арпалысып әлек. «Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық» деген жұрт әкімдіктен жаңа баспана беруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен ғасырдың 70-жылдары қазығы қағылған үйлер қазір адам шошырлық жағдайда тұр. Құлауға шақ қалған ғимараттың тұрғындары бір күнде екі жылан ұстаймыз деп зар қағады. Ең сорақысы да – сол. Жаз басталса, жәндік қуудан көз ашпайтын азаматтардың айтуынша, баспана ішінде тышқан теспеген зат қалмаған.

– Үйден талай зиянкесті, уақ жыланды көрдім. Басына сүт құйып, өзім жойып отырдым. Неше әкім ауысты. Біздің жағдайымызды тексерген ешкімді көрген жоқпын, – деді облыс тұрғыны Нұргүл Темірәлиева.

– Үйде әжетхана, су жоқ. Шомылатын жер жоқ. Тышқан, жылан шығып жатыр. Мәселені айтып, облысқа дейін бардым, бармаған жерім жоқ. Осы мәселені шешіп беруіңізді сұраймын, – деді облыс тұрғыны Дара Рахметуллина.

Жоқ деген дүние көп. Бұл үйдің тұрғындары үшін кәріз жүйесі, газ, су арманға айналған. Қараша жақын маңдағы көлден шелектеп су тасуға мәжбүр. Ал жаңбыр жауған күні кіреберістегі электр желілері суға малынып тұратын көрінеді. «Қай күні тоқ соғып, жан берер екенбіз?» деп алаң қылған жұрт барар басқа жердің де болмай тұрғанын айтты.

– Жазда да ылғал. Жыл сайын жөндейміз. Қанша әкім ауысты, бірақ өзгеріс жоқ, – деді облыс тұрғыны Асқар Қарабалаева.

Қазір Атырау облысында 107 көппәтерлі үйдің тозығы жеткен. Іргетасы сөгіліп, қабырғасы жарылып жатқан мұндай апатты үйдің саны ай санап өсіп жатыр. Ал ауданның өзінде мыңнан аса тұрғын кілтін күтіп, кезекте тұр десек, әне-міне баспанасы құлағалы тұрған азаматтарға әкімдік әзірге үй бермейтін сыңайлы.

Облыс әкімдігіне бірнеше рет ұсыныс берілді. Тұрғындарды көшіру үшін биыл  640 миллион теңге бөлінді. Үй салынса, осы кісілерді көшіреміз деп жоспарлап отырмыз, – деді Құрманғазы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Шынболат Мусин.

Десе де, әкімдік өкілінің сөзіне азаматтар күмәнмен қарайды.

Жұлдыз Қайратқызы,Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысынан

Оқи отырыңыз: Майқайың кентінде құбырдан ақау шықты

Новости партнеров