Алматыда Jas Otan жастар қанаты киберспорттан Dota 2 «Jas Otan CUP» онлайн турнирін өткізді

31.10.2020 20:11

Турнирге 4 команда қатысты

МК Jas Otan

Алматы қалалық Jas Otan жастар қанаты киберспорттан Dota 2 «Jas Otan CUP» онлайн турнирін өткізді. Аталмыш турнир «Jas Otan» co - working орталығында өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінгі таңда киберспортты дамытудың кешенді мақсатты бағдарламасы әзірленіп, халықаралық бейінді ұйымдардың мүшелігіне кіру жұмыстары жүргізілгені белгілі. Ресми түрде танылған спорт түрі еліміздеайтарлықтай дамып, жастар арасында сұранысқа ие спорт түріне айналып үлгерді.

Турнирге 4 команда қатысты. Олар: NaVi, Nigma, Team Secret, Vici Gaming командалары. Өтініш білдірген 30 адам ішінен, 20 үздік ойыншы іріктеліп, турнирге жолдама алды.

Өткізілген турнирдің мақсаты – жастар арасында киберспортты дамыту және қолдау, аталмыш спорт түрін дәріптеу.

Турнир ұйымдастырушысы Мади Ахметов өз сөзінде: 

– Киберспорттың дамуы, әрине, жалпы экономикалық-әлеуметтік дамуы жоғары аймақтарға тән. Өйткені киберспортмен шұғылдану үшін өте күшті компьютерлер қажет, интернет желісінің жылдамдығы өте жоғары болуы керек. Сондықтан, бүгінгі таңда киберспорт тек Алматы, Астана және өзге ірі қалаларда ғана дамып жатыр. Болашақта барлық өңірлерге тең мүмкіндк болады деген үміттеміз».

Жеңіске жеткен «Team Secret» командасының лидері Қуат Дюсен:

– Кейбір спорт түрлері онымен қызықпайтындарға түсініксіздеу болып көрінуі рас. Мысалы, американдық футбол, керлинг секілді спорт түрлері де біздің көрермендердің басым көпшілігіне бейтаныс, алайда дүние жүзінде олардың миллиондаған жанкүйерлері бар. Сол секілді киберспорт та, жасы қырықтан асқан отандастарымызға тек баланың ойыны ретінде көрінуі мүмкін. Алайда, дүние жүзінде киберспорт жарыстарын көп адам тамашалайды.

Киберспорттың негізгі қағидалары мынандай – спортшылардың бастапқы мүмкіндіктері тең, ешқандай кездейсоқтықтар әсер етпейді, жеңіске тек киберспортшының ойлау қабілеті және реакция жылдамдығы әсер етеді. Команда атынан ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін! Турнир жақсы дәрежеде өтті.


Айта кетейік, киберспорт дүниежүзіндегі ең қарқынды дамып келе жатқан спорт түрінің бірі. Киберспортты спорт түрі ретінде ресми түрде таныған елдердің саны өсуде.

Жалпы, киберспорт Қазақстанда 15 – 20жыл көлемінде бірте – бірте дамып келе жатқан сала болып табылады.