Атаулы әлеуметтік көмек мемлекеттік жәрдемақы емес. Бұл отбасыларды қиын жағдайдан шығару үшін уақытша көрсетілетін үкіметтен қолдау. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Алматыға арнайы келіп, басшылармен жиын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Басты мақсат – 1 қаңтардан бастап енгізілген атаулы әлеуметтік көмек берудегі өзгерістерді халыққа жете түсіндіру. Биыл қаржылай көмек бей-берекет берілмейді.
Айта кетейік, Алматыда жыл басынан бері 5 мыңнан аса адам кеңес алуға келген. Оның 1 мыңнан астамы көмек алуға өтініш тастапты. Сондай-ақ, тағы 1000 адам бір реттік грант жеңіп, бизнес бастауға ниет етіпті.
«Біз балаларға дұрыс тәрбие беруіміз керек. Жанұяны адал еңбекпен ақша тауып, асырауға ерте жастан үйретуіміз қажет. Атаулы әлеуметтік көмекке жүгінетіндерге айтарым, биыл енгізілген өзгерістерге түсіністік танытса екен. Өткен жылы кірісін жасырып, үкіметтен оңай жолмен ақша тапқысы келгендер көп болды. Біз көмекті расында мұқтаж жандарға беруіміз керек. Биылдан бастап, мамандар ортақ базаға кіруге мүмкіндік алды. Енді мүлкінің барын, табысын қарай аламыз», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Диляра ИМАНҚҰЛОВА.
Еске сала кетейік, былтыр Алматыда 65 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Оның қатарында табысын жасырып, үкіметті алдамақ болғандар да кездесті. Мамандар ешкімді заң жүзінде жауапкершілікке тартпапты. Тек түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, берілген ақшаны сот арқылы өндіріп алған.