ШҚО-ға жұмыс сапары: Мемлекет басшысы қандай нысандарға барды

26.02.2024 20:11

Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс өңіріндегі элиталық тұқым шаруашылығының қызметімен танысты

Акорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Өскемен қаласындағы көпбейінді Онкология және хирургия орталығының базасында ашылған Сәулелік терапия және диагностика орталығына барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президентке жоғары дәлдікпен диагностика жасауға және онкологиялық ауруларды емдеуге мүмкіндік беретін соңғы буындағы магнитті-резонансты томография (МРТ), Elekta Versa HD желілік үдеткіші, Discovery RT компьютерлік томографы сияқты заманауи медициналық құрылғылардың жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ Орталық радиологиялық суреттерді сақтауға және оларды тез тауып, нақты уақыт режимінде зерттеуге арналған PACS архивтеу жүйесімен жабдықталған.

Көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, жыл сайын мұнда 3 мыңнан астам хиругиялық операция жасалады, оның 60 пайызында аз инвазивті емдеу тәсілдері қолданылады. Орталықта медицина мамандарының шетелдерде біліктілігін арттыру және қайта даярлау ісіне айрықша мән беріледі. Отандық және шетелдік мамандар шақырылып, тұрақты түрде шеберлік сағаттары ұйымдастырылып тұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы онкологиялық қызметтің қазіргі жай-күйі жөнінде баяндалды. Өңірде қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артып, ауру деңгейі үшінші, төртінші сатыға дейін асқынып кеткен сырқаттардың саны қысқарған. Сәйкесінше, онкологиялық аурудан қайтыс болатын азаматтардың саны азайып келе жатқаны байқалады.

Мемлекет басшысы орталық дәрігерлерімен әңгімелесіп, медициналық ұйымның жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ елімізде осындай заманауи медициналық орталықтар ашу маңызды екенін атап өтті.

– Өте жақсы медициналық мекеме екен. Заманауи әрі сапалы құралдармен жабдықталған. Науқастарды емдеу керек. Қазір мұндай ауруханалар жалпыұлттық маңызға ие болды. Өкінішке қарай, онкология дерті жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамындағы өндіріс жұмыстарының жай-күйімен және кәсіпорынның даму перспективасымен танысты.

Комбинат шикізат өндіруден бастап одан дайын өнім алуға дейінгі өндірістің бүкіл циклын қамтитын кеуекті титан, титан құймалары мен қорытпаларын шығаратын әлемдегі біртұтас кәсіпорындардың бірі саналады. Өндіріс құрылымы 5 негізгі және 6 қосалқы цехтан, сондай-ақ еншілес әрі бірлескен кәсіпорындардан тұрады. Әлемдегі титан нарығының 11 пайызы Қазақстанға тиесілі, ал аэроғарыш саласындағы титанның 20 пайыздан астамын біздің ел қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысына комбинат өнімін Airbus, Boeing, TIMET, ATI, Safran, UKAD, Pratt&Whitney, General Electric, Dynamet, Howmet, POSCO, Baoti, MIDHANI секілді әлемдік ірі компаниялар сертификаттағаны туралы баяндалды. Қазақстан титаны кеме жасау ісінде, энергетика, аэроғарыш салаларында, мұнай-газ кәсіпорнында және медицинада кеңінен пайдаланылады. Өнім АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Францияға, Оңтүстік Кореяға, Үндістанға және Қытайға экспортталады.

Алдағы он жылда комбинат жалпы сомасы 207 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс цехтарын аралап көріп, комбинат жұмысшыларымен әңгімелесті.

– Бұл комбинат көптеген өлшем бойынша озық мекеме саналады. Заманауи құралдармен жабдықталған. Қазақстан титан өндірісі бойынша әлемдік нарықта жетекші орын алады. Еліміз үшін мұндай кәсіпорындар өте қажет. Жұмыстарыңыз табысты болсын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-іне барды

Мемлекет басшысы Шығыс өңіріндегі элиталық тұқым шаруашылығының қызметімен танысты.

Президентке көпжылдық практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде сұрыпталған күнбағыстың жаңа будандары, сондай-ақ соя мен бидай сорттары таныстырылды. Кәсіпорын дайындайтын тұқымдар отандық шаруалардың арасында жоғары сұранысқа ие әрі Ресей Федерациясының 7 өлкесіне экспортталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде майлы дақылдардың егістік алаңын көбейтудің перспективасы жөнінде сұрады. Мекеме басшысы Фарид Әбітаевтың айтуынша, соңғы кезде майлы дақылдарды егу көлемі жыл сайын 12-15 пайызға артып келеді, сәйкесінше, нарықтағы сұраныс та жоғары.

Бұған қоса, мол жем-шөп қоры мен селекциялық жұмысты сауатты жүргізудің арқасында агроөнеркәсіп кешені сүт өнімдері бағытындағы жетекші мал шаруашылығының қатарына кірді.

Бүгінде серіктестіктің тауарлы сүт фермаларында 3 мыңға жуық ірі қара бар. Олардың көбі – голштейн-фриз тұқымына жататын сиырлар. Фермада тәулігіне 40 тонна сүт өндіріліп, еліміздегі төрт сүт өңдеу зауытына жөнелтіледі.

Мемлекет басшысы кәсіпорынның ауыл шаруашылығы ғылымындағы табысын оң бағалап, мұндай тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне тарату қажет екенін айтты.

Президентке Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетімен бірлесіп ашылған оқу кабинеті таныстырылды

Мұнда жұмысшылар өндірістен қол үзбей, агроменеджменттің қыр-cырын меңгереді. Кәсіпорын өсімдіктерді қорғайтын заттар өндіру ісі бойынша үздіктердің бірі саналатын швейцариялық Syngenta компаниясымен және ауыл шаруашылығы техникасын шығарушы америкалық John Deere компаниясымен де осындай ынтымақтастықты жолға қойып жатыр.