Биылғы жылдың үшінші есеп беру кездесуі №12 қалалық емханада өтті
Тұрғын үй аулаларында спортпен айналысуға мүмкіндік керек. Бостандық ауданы тұрғындары осы мәселелені де әкімнен ұсыныс ретінде қабылдауын сұрады. Биылғы жылдың үшінші есеп беру кездесуі №12 қалалық емханада өтті. Аудан әкімі уақытты үнемдеп мәселелердің ең маңыздыларына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулерін өткізу жақсы дәстүрге айналып отыр. Осындай басқосуларда өздеріңізбен жүздесіп өткен жылды қортындылап, осы жылда атқарылуы тиіс жұмыстарымызды бірлесе талқылауға үлкен мүмкіндік береді», – деді Бостандық ауданының әкімі Алтай РАХЫМБЕТОВ.
Әкім есебінен кейін аудан бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тұрғындар көңілдері толғанын жеткізді. Дегенмен, әлі де болса шешімін таппай жатқан мәселелер де жеткілікті. Әсіресе, сұрақ қоюшылардың көбі әкімшіліктің араласа алмайтынын білсе де, пәтер иелері кооперативі мен арадағы мәселеге көмек көрсетуін сұрады. Сонымен қатар кейбір көп қабатты үйдің тұрғындары үй аумағына тоспа қойып тастағанын, соның кесірінен үйге жедел жәрдем есік алдына дейін жете алмай жатыр деп шағымданды.
«Тұрғын үй заңы бойынша көпқабатты үй маңын жабуға рұқсат етілмеген ғой. Мысалы біздің үйге кіретін жолды екі жағымыздағы көп қабатты үйдің тұрғындары өздері жауып тастаған. Соның салдарынан үйімізге өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем былай тұрсын өзіміз кіре алмай қаламыз», - деді тұрғындар.
«Біз міндетті түрде сіз айтқан үйге барып тұрғындармен сөйлесеміз. Сіздің айтқаныңызды елеусіз қалдыра алмаймыз. Тұрғындарды жинап олардың да ойын тыңдайық. Сәрсенбі күні сіздерге комиссия барады. Келістік қой?», – деді Бостандық ауданының әкімі Алтай РАХЫМБЕТОВ.