Қаратал, Алакөл, Кербұлақ аудандарында 90 отбасы баспаналы болды
Жетісу облысында 90 отбасы баспаналы болып, 14 жаңа әлеуметтік нысан ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ескелді ауданында 6 әлеуметтік нысан ашылды. Бірі – Жаңалық ауылындағы блокты-модульді медициналық пункт. Жаңа орталықтың бір ауысымда 15 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Қаратал және Қоңыр ауылдарында мәдениет үйі мен клуб ашылды. Қарабұлақта спорт алаңы салынса, Жалғызағашта әкімдік ғимараты қолданысқа берілді.
– Ауыл әкімшілігінде 20 жылдан артық жұмыс істеп келемін. Бұрынғы ғимарат ескі болатын, онда 4-5 мекеме қызметкері отырдық. Жаңа ғимарат салынды, қуаныштымыз, – деді Жалғызағаш ауылдық округі әкімшілігің бас маманы Ләззат Жаңбырбаева.
Сондай-ақ Қаратал, Алакөл, Кербұлақ аудандарында 90 отбасы баспаналы болды. Олардың арасында 9 Кербұлақ ауданының тұрғыны бар. Олар ұзақ жылдан бері үй кезегінде тұрған. Пайдалануға берілген үш бөлмелі арендалық үйдің жалпы алаңы 77 шаршы метр.
– Әр ауылдық округте 8-9 үйден салынып жатыр. Қазанның соңында 100 үйдің кілтін тұрғындарға тапсырамыз, – деді Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есеболатов.
Пайдалануға берілген нысандардың қатарында балабақшалар да бар. Атап айтқанда, Көксу ауданының Балпық би елдімекенінде 265 орындық, Панфиловтің Көктал ауылында 140, Кербұлақта 75, ал Ескелдіде 50 орындық мектепке дейінгі мекемелер пайдалануға берілді.
– Бұл балабақша XX ғасырдың басында, 1967 жылы салынған. Бүгін 50 орындық «Айшуақ» бөбекжай бақшасы ашылды. Балабақшада 15 қызметкер жұмыс істейді, – деді Ескелді аудандық білім бөлімінің бас маманы Шолпан Жақанова.
Кербұлақ ауданының Қоғалы ауылында күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі де қолданысқа берілді.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов «Алматы» арнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазанда өтеді