Мақтаарал ауданындағы су тасқыны барша жұртты алаңдатып отыр. Қазіргі таңда аталған аймақта 4 елдімекеннен 5400 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Almaty.tv обылстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғындардың біразы туыс-туғанына кетсе, үш мыңға жуығы Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі 10 мектепке бөліп орналастырылды. Азық-түлік, ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді.
«Көршілес Жетісай ауданы COVID-19 инфекциясының облыстағы бірден бір ошағы болып табылатындықтан,көпшілігін қазіргі таңда осы сауал алаңдатуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жетісай ауданындағы инфекциялық ауруханада облыс бойынша 32 науқас ем алып жатса, Мақтаарал ауданының ауруханаларындабірде-бір науқас жоқ», - делінген хабарламада.
Дәрігерлер қазіргі таңда эвакуацияланған халықты індеттен сақтау бойынша барлық шараны қолға алды. Халыққа антисептик, бетперде, қолғап тегін таратылып, әр азаматтың дене қызуы тепловизормен тексерілуде.