СҚО-да оңтүстіктен көшіп келгендер жұмыс таба алмай отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Олар өздері тұрып жатқан мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің де сапасы сын көтермейді дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанға оңтүстіктен көшіп келгендер жұмыссыз отыр. «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілуі керек жұмысын ала алмаған олар, бірі жоғары білімімен мал бақса, өзгесі базарда киім саудалап жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Одан қалғандары үйде отыруға мәжбүр. Ал жұмысқа орналасқандары 49 мың теңге жалақыға жан бағып жүр. Өздері тұрып жатқан мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің де сапасы сын көтермейді дейді.

Мақпал осыдан 3 жыл бұрын Мамлют ауданы Покровка ауылына Еңбек бағдарламасы бойынша көшіп келген. Мамандағы бойынша жоғары білімді заңгер, 4 баланың анасы. Жұмыс таба алмағандықтан несиеге киім-кешек алып, Петропавл базарында сауда-саттықпен айналысады. Күнде ауылдан қалаға келіп-кетіп жүреді. Ал күйеуі басқа қалада вахталық жұмыста жүреді екен. Өз тұрғылықты жерінен жұмыс таба алмаған ерлі-зайыпты бала-шағаның қамы үшін осылай амалдап күн көріп жүргендерін айтады.

«Жолдасым бар. Атырауда жұмыс істейді, мұнда жұмыс болмағаннан кейін сол жаққа кетті. 49 мың теңгеге жұмысқа орналасты, ол да заңгер-педагог. Мамандығы бойынша ешқандай жұмыс табылған жоқ. Дипломы болса да, Мамбетов шаруа қожалығына малшы етіп кіргізді. Ол кезде де аздап қиындықтар туды, 49 мың теңге айлық бізге жеткен жоқ. Сол себепті жұмыстан бас тартып, Атырауға кетті», – деді Покровка ауылының тұрғыны Мақпал Тоқтанаева.

Айдана Ибрагимова да мемлекеттік бағдарлама бойынша Покровкаға қоныс аударған. 3 баланың анасы қазір жан бағу қиындап кеткенін айтады. Күйеуі қарапайым жұмысшы болып 49 мың теңге жалақы алады екен. Өзі жоғары білімді информатика мұғалімі бола тұра, оған мектептен жұмыс табылмапты. Бұған қоса үйдің сапасы да төмен, есік-терезеден жел соғып, үйдің іші суықтан азынап кетеді дейді. Баспаналарының қабырғалары мен есігі көгеріп кеткен. Не жұмысқа, не жөнді үйге жарымаған ана өз жағдайын көзін жасқа малып айтып берді.

«Сызат бар, мына төбенің өзі бір қабат қана, есіктің түрі, міне, суық азынап тұр. Көмір жағамыз, бәрібір ыстық ұстамайды, ыстық ұстамағаннан кейін жылудың бәрі төбеден шығып кетеді. Еденнен суық келеді, үстінен де суық тартады, жан-жақтан жел келеді кәдімгідей. Балаларымыз қайта-қайта ауырады», – дейді Покровка ауылының тұрғыны Айдана Ибрагимова.

Ауыл әкімі көшіп келгендердің жағдайын басқаша баяндады. Оның сөзінше, вакансия болса ғана жұмыс беріледі екен. Ал жалақы аздығын Үкімет бекіткен сома деп түсіндірді.

«Биылғы көшіп келгендердің ішінде бір кісі балаларымен отыр. Ол жұмысқа шыға алмайды, балалары әлі кішкентай. Қалғандары грант алып, бір кісі қой шаруашылығымен айналысып жатыр. Бізге көшіп келгендердің көбі өз шаруашылығымен айналысамыз деп келеді. Егер дипломы болып жатса, біз бар вакансияны ұсынамыз», – деді Покровка ауылдық округінің әкімі Мұрат Қарабұлаев.   

Ауыл әкімі мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлерде тұрғындардың жаурап отырғанынан хабарсыз болып шықты. Әйткенмен үйде олқылықтар болып жатса, оны көшіп келгендердің өздері жөндеп алуы керек деп пікір білдірді. Осы үй мәселесін айтып аудан әкімінің орынбасарына барғанымызда, ол үйлерді өзі аралап, мұндағы мәселені барынша шешемін деп уәде берді. Ал тұрғындар мемлекеттік бағдарлама қажетті деңгейде жүзеге аспайтын болса, жұмыс табылмаса, қайтадан туған жерлеріне көшіп кетуге бекініп отыр.

Алина Норғожа, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан

Новости партнеров