Тоғыз айлық Эмирге дәрігерлер жұлын-бұлшықет атрофиясы деген диагноз қойған еді
Батыс Қазақстан облысының кішкентай тұрғыны Эмир әлемдегі ең қымбат препараттардың бірі Zolgensma инъекциясын алды. Енді бүлдіршіннің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тоғыз айлық Эмирге дәрігерлер жұлын-бұлшықет атрофиясы деген диагноз қойған еді. Баланың өмірін тек екі жасқа дейін бір-ақ рет салынатын инъекция құтқара алады. Бірақ дәрінің құны – миллиард теңге. «Алматы» телеарнасы сәбиге шұғыл көмек қажет екенін хабарлағаннан кейін, қажетті сома жиналып, наурыз айының соңында қаражат жинау тоқтатылды. Ақша мейірімді адамдардың көмегімен жиналды. Енді Эмир аталған дәріні алып, денсаулығы жақсарды.
«Күту ұзақ әрі қиын болды. Бірақ біз ештеңеге қарамастан күттік. Эмир Қазақстанда Zolgensma препаратымен гендік терапияны алған алғашқы бала болды. Бізге көмектесіп, ұзақ уақыт бойы қолдау көрсеткен жандардың барлығына үлкен рақмет. Қазір қалай қуанып тұрғанымызды жеткізу қиын, өте қатты қуаныштымыз», – деп жазды Эмирдің ата-анасы Instagram-да.