АЛЖИР лагерінде азапталған қазақ зиялыларының жұбайлары

31.05.2021 20:13

Л.И. Мирзоян Сталиннің бұйрығымен жазықсыз оққа ұшқандар санын қолдан мейлінше арттыруға тырысты

varandej.livejournal.com

ХХ ғасыр – қазақ зиялылары үшін қасіретті уақыт.  И.В.Сталиннің «Троцкийшілдер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасын талқылағаннан кейін жаппай қудалау басталды. Бұл тарихта «үлкен террор» деген атпен қалды. Сол кезде қазақ қоғамының қаймағы саналатын көптеген зиялылылар итжеккенге айдалып, атылды. Л.И. Мирзоян Сталиннің бұйрығымен жазықсыз оққа ұшқандар санын қолдан мейлінше арттыруға тырысты. 118 мың адам жазықсыз тұтқындалып оның 25 мыңы атылды. Қазақ зиялыларының әйелдері де бұл жазадан тыс қалмады. Күйеуінен бас тартпаған әйелдерді қамады. Бұл лагерь «АЛЖИР» деген атпен тарих беттерінде қалды. Аталмыш азап түрмесінде 18 мыңнан астам әйел жазықсыз жапа шекті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі massaget.kz-ге сілтеме жасап.

Гүлжамал (Күнжамал) Майлина – Бейімбет Майлиннің жұбайы

1900 жылы Қостанай облысы, Қарабалық ауылында туған. 1938 жылы Бейімбет Майлин «халық жауы» ретінде жазықсыз айыпталып, атылғанда жары Гүлжамал да «отанын сатқан опасыздың жұбайы» ретінде АЛЖИР-ге 5 жылға айдалды. 1943 жылы 5 мамырға дейін лагерьде жазасын өтеген.

Гүлбаһрам Сейфуллина – Сәкен Сейфуллиннің жары

Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина 1908 жылы туған. Сәкен Сейфуллин екеуі 1923 жылы танысқан. Сәкен Сейфуллин оған арнап «Совпарттағы қарындасыма – Гүлбаһрамға» деген сынды өлеңдер, хаттар жазып тұрған. 1926 жылы желтоқсан айында екеуі отау құрған. 1937 жылы Сәкен Сейфуллин қудалауға ұшырағанда, «халық жауының жұбайы» ретінде Гүлбаһрам да айыпталды. Ол 1938 жылы 8 ақпанда Сәкенмен соңғы рет түрмеде кездеседі де, Ақмолаға жер аударылады. АЛЖИР лагерінде жазықсыз азап шекті. 1973 жылы өмірден өткен.

Әзиза Рысқұлова – Тұрар Рысқұловтың жары

1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды.

Тұрар ұсталғаннан кейін  әйелі  Әзиза Түбекқызы да  қамауға  алынады. Әзиза Рысқұлова туған анасымен бірге 10 жылға сотталып,  Қазақстандағы «АЛЖИР» лагерінде болады,  анасы  сол жерде  өмірден өтеді. Өзі АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті.

Гүләнда (Гүләндам) Қожанова әйгілі мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожановтың жары

Гүләнда Мұңайтпасқызы Лапина – Қожанова 1900 жылы өмірге келген.

1937 жылы Сұлтан Қожанов ұсталып кеткенде халық жауының әйелі ретінде  АЛЖИР-ге айдалды. 11 жыл тұтқында отырды.

Гүләнда Қожанова түрмеден босағаннан соң Сұлтан Қодановтың жазықсыз сотталғанын айтып,  есіл ердің адал есімін ақтауға еңбек етті. Бұл еңбегі еленіп 1957 жылы Қожанов ақталды. Бірақ оның шығармалары еш жерде жарияланбады, насихатталмады. Тек  1994 жылы ғана еңбектері шығарыла бастады. Бұл қуанышты сәтті Гүләнда Қожанова көре алмады. Ол  1989 жылы өмірден өтті.

Дәмеш Әмірханқызы – Темірбек Жүргеновтың жары

Дәмеш Әмірханқызы Ермекова-Жүргенова (1905-1990), дәрігер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері (1966).

Орта Азия мемлекеттік университетініңмедицина факультетін бітірген (1929). 1929-1933 жылдары Ташкент медициналық институтында оқытушы болды.

АЛЖИР лагерінде 8 жыл болып, 1946 жылы босап шыққан. Бірақ Алматыға келуіне тыйым салынған. 1957 жылы Темірбек Жүргенов ақталады. Тек содан соң ғана Алматыға оралуға рұқсат беріледі. Дәмеш Жүргенова ақталып келгеннен кейін 1956-1973 жылдары Алматы медициналық институтында оқытушы болады. Жұбайы Темірбек Қараұлы Жүргеновтің ақталуына, шындықтын орнауына көп еңбек сіңірді.

Алматы қаласының құрметті азаматы 

Әйіш Құлымбетова – ұлт қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың жары

Ұзақбай Құлымбетов 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы 19 наркоммен бірге жазықсыз атылғанда оның жары Әйіш те «отанын сатқан опасыздың жары» ретінде «АЛЖИР»-ге жазасын өтеуге жіберіледі. «АЛЖИР»-де  Әйіш Құлымбетова 8 жыл отырды.

Ұзақбай Құлымбетов 1958 жылы ақталды. Ұрпақтары 20 жыл бойы «халық жауының» балалары болып елімізден жырақта жүрді.

Әйіш Құлымбетова туралы қызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері  Орынша Қарабалина-Қазыбаева: «Шешем Әйіш Құлымбетова КАРЛАГ-та он жыл қой баққан. Жүргеновтың жары Дәмеш апаның өзі КАРЛАГ-та мейірбике болыпты. Әйелдер ауыр жұмыстан бір уақ тынығып алсын деп, кезегімен бюллетень жазып береді екен. Сонда әйелдердің ішінде біздің шешеміз Әйіш: «Ұзекеңдер де атылып кетті ғой. Менің жаным олардан ардақты емес» деп,  бірде-бір мәрте бюллетень алмапты. Сол мықты төзімінің, шыдамдылығының арқасында шығар, он жыл отырғаннан кейін 1947 жылы аман-сау ортамызға оралды», – дейді.

Бұдан бөлек, «АЛЖИР» азап түрмесінде С.Меңдешевтің әйелі Рәзия, Н.Нұрмақовтың әйелі Зүпнұн, С.Аспандияровтың әйелі Рабиға, Майнұр Сарымолдаева, Елизавета Садуақасова, Мария Есқараева, Мәриям Тоғжанова, Бибіжамал Сырғабекова, Сағадат Таштитова, Шәкітай Тәтімова, Айша Қабылова, Кира Нұрмағамбетова (лагерьде атылды), Жанбике Шанина, Хадиша Мусина, Сақыпжамал Назарова, Уәзипа Күленова, Мағрипа Рүстемова, Әсма Шоманова, Зағипа Тінәлина, Баршын Қалменова, Мәдина Оразова, Мәрияш Есенгелдина т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналар жазасын өтеді.