Астана әуежайындағы өрт: ішкі рейстерді орындауға рұқсат берілді

27.02.2024 20:13

Тілсіз жауды ауыздықтауға 18 бірлік техника мен 76 жеке құрам жұмылдырылды

elements.envato.com

Астана әуежайындағы өрт ауыздықталып, ішкі рейстер орындала бастады. Жұмысты жалғастыруға Төтенше жағдайлар министрлігі рұқсат беріпті. Қазір ішкі ұшулар терминалында жолаушыларды рейске тіркеу ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал халықаралық рейстер терминалын іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Еске салайық, әуежайда тұтанған қызыл жалын таңғы сағат 08:30-да сөндірілген болатын. Тілсіз жауды ауыздықтауға 18 бірлік техника мен 76 жеке құрам жұмылдырылды.

«Өрт орнында адамдарды жылыту жұмысы жүргізілді. Оған төрт бірлік бірнеше автобус және де 4 бірлік Астана қаласының төтенше жағдай департаментінің техникасы жұмылдырылды. Өрт себебі қазіргі таңда анықталып жатыр», – деді Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Саят Қажимов.

Өрттің шығуына байланысты Астана әуежайына келетін рейстерге шектеу болмаған екен. Тек, елордадан шығатын ұшақтар уақытша тоқтатылған.

«18 рейс өзінің жоспарланған уақытынан кешіктірілді. Оның 14-і Қазақстанның ішінде болса, төртеуі халықаралық бағытта ұшатын рейстер. Қазір рейстерге тіркеу басталып жатыр. Жолаушылар қазір тіркеуден өтіп,  ұшуға дайындалып жатыр», – деді Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі Тойгүл Жұбанысова.