Еліміздегі бекіре балығын өсіретін жалғыз зауыт күрделі жөндеуге мұқтаж

Almaty.tv
Almaty.tv
Жалақының аздығына қарамастан 162 адам адал еңбек етіп жүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атыраудағы жалғыз бекіре балығын өсіретін зауыт тозып тұр. Күрделі жөндеуді қажет ететін кәсіпорынға 25 жылдан бері бірде-бір рет жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Атыраудағы жалғыз бекіре өсіретін зауыт. Қазіргі халі мүшкіл, атына заты сай емес. Кәсіпорында жұмыс істейтіндер мұндағы олқылықтарды жіпке тізіп шықты. Құрылғалардың мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Құбырлар әбден ескірген, жиі істен шығады. Үздіксіз 8 сағат су айдайтын сорғының дені қазір бар-жоғы 3 сағат қана жұмыс істейді екен. Бассейндердегі кафельдер бірінен соң бірі түсіп жатқан көрінеді. Ал зауыттың негізгі бөлігі саналатын тоғандар талапқа сай емес. «Ескі-құсқы техника еңбек өнімділігін арттыруға кедергі болып тұр» деген жұмысшылар соның өзінде мемлекеттік тапсырысты 100 пайызға орындайтынын айтты. Жылына Жайық-Каспий айдынына 7 млн-нан астам бекіре шабағы жіберіледі екен. Сапаны сақтауда аянбай еңбек етіп жатқан балықшылар жағдай оңалса, бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге ынталы екенін жеткізді.

– Құбыр ескі болған соң, жарылады, су ағады. Тоқтату керек болады. Біздің балық өсіру процесіне кішкене кедергісін жасайды, – деді Жайық-атырау бекіре өсіру зауытының басшысы Болат Мұхатжиев.

Бұдан өзге, кәсіпорынға білікті маман ауадай қажет. Жалақының аздығына қарамастан 162 адам адал еңбек етіп жүр, 30 шақты кадр жетіспейді.

– Зауытағы құбырлар жаңартылса, балықты іште көптеп ұстауға мүмкіндік бар. Зауыттың мәселесі Үкімет назарында ұстап отыр. Президент тапсырмасына сай, қайта жаңғырту жұмыстары үшін құжаттар жинақталып жатыр, – деді зауыт жұмысшысы Болат Сұпығалиев.

– Зауытқа болашақта қажетті техника тізімі жасалды.  Салалық министрлікпен тиісті жол картасы бекітілді. Соның аясында қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, – деді облыстық Балық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сағадат Ақылбеков.

Жауаптылардың айтуынша, 2025 жылға дейін бекіре зауытын толық жаңарады. Ол үшін қазір техникалық сараптама жасалып жатқан көрінеді.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Новости партнеров