Ауылдағы ағайынның басты проблемасы – ауыз су
Ауылды дамытуға бағытталған «қуатты өңірлер» ұлттық жобасы тиісті деңгейде атқарылмай келеді. Оған өткен жылдың көрсеткішдері дәлел, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұралап қалған шаруаның бет-алысы бүгінгі үкімет отырысында пысықталды. Бастама бойынша 500-ден астам елді-мекендегі ауыз су, жол жөнделіп, инфрақұрылым жағдайды ретке келтіру керек. Алайда жоспарланған 20 көрсеткіштің төртеуі әлі күнге орындалмаған. Өңірлердегі өткір мәселелерді шешу әдістері қалай өзгереді?
Ауылдағы ағайынның басты проблемасы – ауыз су. Тіршілік нәріне тарығып сапалы ауыз суға жете алмай отырған елде 1 млн-нан астам адам бар екен. Оның 770 мыңы ауыл, 280 мыңы қала тұрғыны. Ұлттық жоба аясында өткен жылы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 90%-ке жеткен. Биыл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр. 1 056 жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлініпті.
«Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыруға 650,1 млрд теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджет 440,4 млрд теңгені, бюджеттен тыс қаражат 155,8 млрд тенгені және жергілікті бюджет 53,9 млрд тенгені құрайды. Жоспар кестесіне сәйкес барлық бюджет толық көлемде игерілді», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Жобаның тағы бір мақсаты моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Осы мақсатта биылғы жылға қазынадан 25,8 млрд теңге қарастырылған. Ол 28 қалада 57 жобаны іске асыруға арналып отыр. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, қазір аймақтарда аталған қаржы жоспарлы игерілмей келеді. Бұл істе сылбырлық танытып отырған Павлодар және Алматы облысы. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 9,2 млрд теңге немесе жылдық жоспардың 35,8%-ы ғана игерілген.
«Моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту үшін 2022 жылы 28 қалада 57 жобаны іске асыруға 25,8 млрд теңге бөлінген. Осы жылдың 1 тамызына шаққанда әкімдіктер 9,2 млрд теңгені немесе жылдық жоспардың 35,8%-ін игерді. Қаражаттың ең аз игерілуі Павлодар және Алматы облыстарында байқалады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Жоба аясында республикалық маңызы бар, жергілікті жолдарды жөндеу де көзделіпті. Қалыпты жағдайдағы жол сапасының көрсеткіші жыл соңына дейін республикада 91%-ға, ал жергілікті желі бойынша 85%-ға дейін жеткізілмек. Мақсатты межеге жету үшін әлі де жұмысты ширату керек деді Үкімет басшысы. Жиын соңында Әлихан Смайылов жауапты министрлер мен өңір басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы