Заң жобасы мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесінде «бір терезе» қағидатынан «бір өтініш» қағидатына өткізу арқылы құжат рәсімдеуді толығымен электронды форматқа көшіруді көздейді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл халықтың 80 пайызы электронды форматқа ауысса, келесі жылы тағы 10 пайызы көшірілмек. Құжаттың басты жаңалығы – «тұрғылықты мекенжайдың» алынып тасталғаны.
Мәжіліс депутаты Майра Айсинаның айтуынша, қазір адамдар тіркелген жеріне байланып қалғандықтан, көптеген қызметтерді өзіне ыңғайлай алмайды.
«Осыған байланысты азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық жеті түрі бойынша қызмет көрсетудің экс аумақтық қағидатын енгізу тұрғысында түзетулер жасалып отыр. Бұл арқылы азаматтың өтінішті тұрғылықты жері бойынша берілуі шарт емес. Қазақстан аумағындағы кез келген тіркеуші органға өтініш білдіре алады», - деді депутат мәжілістің жалпы отырысында.
Бұл бала туу, неке қию немесе ажырасу, адамның қайтыс болуы, атын, әкесінің атын және тегін өзгертуді, асырап алуды, әке болуды анықтауды тіркеуге байланысты.
Бұған қоса, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін тіркеуді толығымен электронды форматқа көшіру әрі құжаттар тізбесін оңтайландыру көзделіп отыр. Енді электронды өтініштен кейін жеке кәсіпкерлікті тіркеу қазіргідей бір күн емес, бір сағатта іске асырылады.
Сондай-ақ, Айсина заң жобасында әкелікті тану мен асырап алуды мемлекеттік тіркеуден алып тастау көзделгенін атап өтті. Өйткені әкелікті белгілеу мен асырап алу туралы сот шешімі тіркеуші органға электронды түрде жібереді.
«Бұл қағаз құжат айналымын едәуір қысқартып, бланкіге жұмсалатын шығындарды азайтады. Бұған қоса, асырап алу құпиясы сақталады, себебі асырап алу/әке болуды анықтау туралы куәлік қолға берілмейді», - деді депутат.
Мәжіліс депутаттары бұл заң жобасын бірінші оқылымда-ақ мақұлдады.