Елімізде атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа үлгісі күшіне енді

10.01.2020 20:13

Бұдан былай көпбалалы жанұядағы әр балаға 10 625 теңге мемлекеттік жәрдемақы беріледі

Фото Almaty.tv


Бұл ретте кірісі кедейлік шегінен төмен отбасыларға төленетін атаулы әлеуметтік төлем сақталады. Ол жан басына шаққан табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің айырмашылығына қарай төленбек. Одан бөлек, аз қамтылған жанұяларда тәрбиеленетін әр бала гигиеналық құралдармен, мектеп формасы және кеңсе тауарларымен қамтылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Елімізде атаулы әлеуметтік көмек жаңа тәртіппен тағайындалатын болды. Енді көпбалалы отбасылар табысының мөлшеріне қарамастан,  мемлекеттік жәрдемақы алады.  Ал 4 және одан да көп баласы болса, жанұя қаржылай қолдауға ие болады. 1 балаға 10 мың 625 теңге бөлінсе, 4 балаға 42 мың 500 теңге тағайындалады.


2020 жылы берілетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері:


1 балаға - 10 625 тг


4 балаға - 42 500 тг


5 балаға  - 53 125 тг


6 балаға  - 63 750 тг


7 балаға - 73 375 тг.


«Бүгінгі таңда Алматы қаласында 16 386 көпбалалы отбасы бар. Осы отбасыларға 1 қаңтардан бастап жаңа мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Осылайша жаңаша тәртіппен 9014 жанұяға жәрдемақы тағайындалды. 411 млн-нан астам ақша берілді. Барлық 16 мың отбасына қаңтардың 15-іне дейін жәрдемақы төленеді»,- деді Қалалық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Айдынжан НАРМАТОВ.


Бұл ретте кірісі кедейлік шегінен төмен отбасыларға төленетін атаулы әлеуметтік төлем сақталады. Былтырғы жылы әр отбасына 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленіп келген болса, жаңа жылдан бастап отбасындағы жан басына шаққан табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің айырмашылығы да төленетін болады.


«Отбасының жан басына шаққандағы табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70 пайыздан аспаған жағдайда, соның айырмашылығы төленеді.  Демек сол сома атаулы әлеуметтік көмек құны болып есептеледі. Егер де үйдегі отағасы оған ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, атаулы әлеуметтік көмек барлық жанұяға тоқтатылады»,-деді Қала әкімінің орынбасары Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ.


Сондай-ақ, енді атаулы әлеуметтік көмек тұрмысы төмен отбасыларға бұрынғыдай 1 жылға емес, 3 ай сайын қайта тағайындалып отырады. Бұл шара мемлекеттің ақшасын заңсыз қалтаға басуға тосқауыл болмақ. Одан өзге, тек былтырдың өзінде елімізде жүзеге асқан «Бақытты отбасы», «Іскер ана», «Бизнес бастау» бағдарламалары аясында көпбалалы отбасыларға біршама жағдай жасалды.


«671 отбасы биыл АСП-дан бас тартып, өздерінің бизнестерін бастау үшін грант алып, жаймен бастап жатыр. Бұл да болса -  көпбалалы аналарға үлкен көмек. Бұдан бөлек, бүгінгі күнде демеушілердің көмегімен 129 отбасы өздерінің кәсібін бастауға мүмкіндік алды»,-деді Қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат ШИМАШЕВА.


Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға арнап мемлекет биыл қосымша жеңілдіктер енгізіп отыр. Аз қамтылған жанұялардың 1 мен 6 жас аралығындағы балалары ай сайын тамақ және 3 ай сайын гигиеналық құралдармен қамтылады. Ал мектеп оқушыларына мектеп формасы мен кеңсе тауарлары үлестіріледі. Жалпы республика бойынша көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу үшін қаңтар айында 17 млрд 700 млн теңге бөлінді.


Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.