Шаруасы шатқаяқтап тұрған бірқатар аймақ бүгін Үкімет басшысының сынына ілікті
Қыс таяу, дайындық баяу. Жаз келсе де, елімізде жылыту маусымына тіпті қамдана бастамаған өңірлер бар екен. Шаруасы шатқаяқтап тұрған бірқатар аймақ бүгін Үкімет басшысының сынына ілікті. Әлихан Смайылов жауапты министрліктен бастап, кабинеттен шықпайтын шенеуніктерге дейін шұғыл тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылыту маусымына дайындық барысын баяндаған министр ақпары Үкімет басшысының көңілінен шықпады. Жаздың екінші айына жетіп қалсақ та, бірқатар өңірде әлі қысқа қамдану басталмапты. «Мәселен, тозығы жеткен жылу электр орталықтарына күрделі жөндеу жүргізілуі керек болған, алайда шаруа сол жоспар күйі қалыпты. 47 жобаның тең жартысының ғана нәтиже бар» деді Әлихан Смайылов. Ал шаруаны шатқаяқтатып отырған аймақтар тізімінде Атырау, Рудный қаласы бар.
– Мысалы, Атырау жылу орталығында турбиналарды жөндеу жұмыстары басталмаған. Мерзімнің бұзылуы – 60 күн. Рудный Жылу орталығында да осындай жағдай. 45 күннен бері жұмыс тоқтап тұр. Теміртау қаласының ГРЭС-1-дегі қазандықты жөндеу жұмыстары жоспардан мүлдем алынып тасталған. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Бұлай жұмыс істеуге болмайды, – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Елімізде 25,3 шақырым электр беру желілерін, 567 кіші стансаны күрделі жөндеуден өткізу керек. Жүйелі оператор KEGOC компаниясы жоспарды әр өңірге кестемен бекітіп берген. Шаруа өз уақытында атқарылмаса, алдағы қыста да қиындық болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет басшысы жайлы креслоға жайғасқан бірқатар шенеунікке пәрмен берді. Бүгіннен бастап өңірлерге барып, қысқа қам жасауды тапсырды.
– Биыл 25,3 шақырымға жуық электр беру желісін, 567 қосалқы стансаны, 3,5 мың тарату пунктін және трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 2 мың шақырымға жуық электр беру желілері, 69 қосалқы станса, сондай-ақ 469 тарату пункті мен трансформаторларда жұмыс аяқталды. Атап айтқанда, Риддер жылу электр орталығының барлық 6 қазандығын жөндеуді бастау үшін қажетті шаралар қабылданды, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Алдағы шілдеден бастап күшіне енетін Әлеуметтік кодекс Үкімет жиынында да талқыланды. ТМД аумағында алғаш рет енгізіліп отырған құжатта бірқатар маңызды жаңалық бар. Атап айтсақ, 1 шілдеден бастап жәрдемақы ұлғайып, зейнетақы арта түседі.
– Құжат әр қазақстандықтың бүкіл өмір сүру кезеңін қамтиды. Атап айтқанда, туғаннан кәмелет жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жаста жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, жасы ұлғайған шақтағы қолдаулар, – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Министр ақпарынша, «Алтын алқа» төс белгісімен марапатталған аналар жәрдемақысы да 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артпақ. Мұндай көмекті ел бойынша 90 мың ана алады екен.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алмат» телеарнасы, Астана