Жергілікті бюджеттен 63 млн теңге бөлініп, 36 орындық автобусты алу үшін конкурс өткен
«Мектепке бару үшін 3 шақырымды жаяу жүріп өту керек». Маңғыстаудағы Түпқараған ауданы Жаңа кетік тұрғын үй массивіндегі жұрт осылай деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаңа кетіктегі оқушылар жолы жоқ ауылдың көшелерімен жүріп, қаңғыбас иттен үрейленіп, шамамен 3-4 шақырым жерде орналасқан мектепке жаяу қатынауға мәжбүр. Ата-аналар «бала мектепке жетемін дегенше бұралқы итке таланып немесе оқыс оқиғаға ұшырап қала ма?» деп алаңдайды. Барлық шаруаны бір шетке ысырып қойып, балаларымен бірге ересектер де екі ортада қатынап жүр.
– Екінші топтағы мүгедекпін. Қызымды сабаққа жіберу үшін 1 сағат бұрын шығуым керек. Бір сағат бұрын күтіп алуым керек. Үш километр жүру оңай емес. Мәселені шешіп берсеңіздер, – деді Жаңа кетік тұрғын үй массивінің тұрғыны Ерғали Айтеков.
– Мектепке екі балам барады. Біреуі түске дейін, біреуі түстен кейін оқиды. Бір айлық сәбиіммен екеуін екі бөлек тасу қиын. Автобустың мәселесін шешуін сұраймыз, – деді Жаңа кетік тұрғын үй массивінің тұрғыны Ырыс Өтесінова.
Оқушыларды тасымалдау қыркүйектің соңында реттелуі мүмкін. Бұл туралы мектеп директоры мәлім етті. Жергілікті бюджеттен 63 млн теңге бөлініп, 36 орындық автобусты алу үшін конкурс өткен. Жеңімпаз да анықталған.
– Екі ауысымды оқитын оқушыдларды тасиды. Таңертең бір ауысымда 64 бала, бірге келгенімен әр сынып түрлі уақытта шығады. Енді 36 орындық автобус келсе, мәселе шешіледі, – деді Форт-шевченко мектеп-лицейінің директоры Ақмарал Көлбаева.
Жаңа кетікте жол, ауыз су сынды мәселе де жыл өткен сайын күрделеніп барады. Дегенмен аудан әкімдігінің айтуынша, ауыз су мәселесі қазанда шешіледі. Ал келесі жылы қаланың негізгі жолдарын жөндеу жоспарланған. Аялдамаларды орнату үшін де жергілікті бюджеттен қыруар қаражат бөлінген. Бірақ Форт-Шевченко қаласы бойынша жолаушыларды таситын бірде-бір қоғамдық көлік жоқ.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы
Оқи отырыңыз: Қостанайда 50-ден астам гүлзарды талқандаған вандал ұсталды