Қанаттылардың санағы қалай және не мақсатпен жүргізіледі?
Алматыда құс тұмауы тіркелген жоқ. Қалалық ветеринариялық қызмет мамандары осылай дейді. Дегенмен «жоғары патогенді құс тұмауының» еліміздің солтүстік аймақтарында өршуіне байланысты, Алматы қаласында бұл індеттің алдын алу үшін үй құстарын тіркеу басталды. Қанаттылардың санағы қалай және не мақсатпен жүргізіледі? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Алматыда үй құстарын жаппай тіркеу басталды. Қалалық ветеринариялық қызмет мамандары құс тұмауының алдын алу мақсатында қанаттыларды бас-басына санап, тіркеу жүргізіп жатыр. Мұндай шараның жүргізіліп жатқанын естіген қала тұрғыны Регина Ардавичус бірден бұл қызметке жүгінді.
«Елімізде құс тұмауы өршіп жатыр ғой, сол себепті мені бір қорқыныш сезімі бойлады. Қалалық ветеринариялық қызметтің парақшасына кіргенімде, үй құстарын тіркеу жүріп жатқанын білдім. Содан хабарласып едім, мамандар өздері келді», – деді қала тұрғыны Регина Ардавичус.
Ветеринариялық қызмет мамандары телефон арқылы түскен өтініштер бойынша бірден сол мекенжайға шығады екен. Олардың айтуынша, тіркеу аяқталғаннан кейін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы вакцина алуға бірыңғай өтінім жасалады.
«Қазіргі таңда қалалық ветеринариялық қызмет мамандарымен үй құстарына мониторинг, санақ және тіркеу жүргізіледі. Қанаттылар санын анықтағаннан кейін, вакцинаға деген қажеттілік белгілі болады. Содан барып өтінім береміз. Бұл жұмыстардың барлығы тегін жасалады», – деді қалалық ветеринариялық қызметтің ветеринар дәрігері Рүстем Жалғасбай.
Қалалық ветеринариялық қызметтегілер құстар тұмаудан өлген жағдайда келтірілген зиян үшін өтемақы шаруашылық кітабында тіркелген құстар санына қарай төленетінін жеткізді. Қазір Алматыда 130 мың мал ұстайтын үй бар екен, соның тек 10 пайызы құс шаруашылығымен айналысады.
Сая Меңдеке, Дияс Махамбетов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы