|
Қоғам
01.05.2019 | 15:14

Бірлік күнін Нұр-Сұлтанның іскер әйелдері де атап өтті

Қауымдастық құрамындағы әйелдер мен қыз-келіншектер саны бүгінде 5 мыңға жеткен

Бірлік күнін Нұр-Сұлтанның іскер әйелдері де атап өтті

«Бірлік пен ұлтаралық достастық жеке ісімізді өрге сүйреп, бізді бір отбасыдай етті». Еліміздегі Іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің мән-маңызымен бөлісті деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қатарында 5 мың әйел мен қыз-келіншек бар қауымдастық мүшелері жыл сайын бұл мерекені ерекше ынтамен күтіп, елдегі тыныштық пен өзара түсіністікті одан әрі насихаттау үшін барымызды саламыз дейді.

Қауымдастықтың мүшесі Әзиза Шужеева осы уақытқа дейін мемлекеттік қызметте, түрлі лауазымдарда еңбек еткен. Өмірлік жолы басқада екендігін іштей ұққан Әзиза бірнеше жыл бұрын жұбайымен бірге жеке ісін бастапты. Бизнесі – компания немесе жеке тұлғаны қоғам алдында беделін арттыру, әлеуметтік желіде парақшасын жүргізу мен мансап құрудағы жолдарды көрсету. Алайда, жеке кәсіпті бастау әр кезде қиын дейді. Бірақ біздің кейіпкерге түрлі ұлт мен ұлыстар бас қосқан қауымдастық өкілдері барынша көмектескен.

«Менің айтайын дегенім, қауымдастық – үлкен бір отбасы. Ұлттар мен ұлыстар бас қосқан орта. Біз ол жерде өз тәжірибемізбен бөлісеміз. Алуан түрлі этнос бас қосқан соң, кез келген мерекені атап өтеміз. Бір-бірімізді құттықтаймыз. Демек біздің достықта шекара жоқ», - дейді кәсіпкер Әзиза Шужеева.

Қауымдастықтың тағы бір өкілі – Людмила Куликова, Психология және психотерапиядан Еуразиялық институт директоры. Адам санасын, ақыл-ойын зерттейді, оны жақсы түсінеді. Психологиялық көмек сұрап келетін азаматтар көп дейді маман. Қолынан келгенше барлығына көмектесетін жан елдегі тыныштық пен бейтіт өмірдің барына шүкірлік етеді. Себебі, жер бетіндегі әрбір тірі жан ұрпағы аман болып, олар дұрыс өсіп-жетілуі үшін тәрбие мен берек-бірліктен артық ештеңе керек емес деп санайды.

«Адамзаттың құндылығы – адамгершілік, достық, қонақжайлылық, көмек көрсету. Міне, сондықтан біздің елде 1 мамыр – Бірлік күні ерекше аталып өтеді. Наурыз десе, барлығымыз ұлттық киім киіп, ұлттық тағамдарды дайындаймыз. Барлығымыз бір ел екенімізді сеземіз. Шетелге шықсам, осыны өзім мақтан етіп, жүрген жерімде айтып жүремін. Қазақ тілін аз болса да меңгергенмін», - дейді Людмила Куликова.

Ал, Клара Өмірзақова – жеке медициналық орталықтың басшысы. Жеке кәсібін ашқаннан бері нарықта небәрі үш жыл қызмет етіп келеді. Ұлт денсаулығын қалыптастыруға барын салатын орталық иесі көп ұлт өкілдерінен бөлек, көпбалалы отбасылар қабылдауына келгенде қуанады. Өйткені, ұрпақ көбейіп, демографияның артқанын жаны қалайды. Клара ынтымағы жарасқан бүгінгі Қазақ елінде туған баланың болашағы жарқын болатынына сенемін дейді.

«Білесіз бе, әрбір әйел жігерлі болып келеді. Мысалы, іскер әйелдер қауымдастығында көпбалалы аналар көп. Барлығының көздегені – елге пайдасы көп ұл-қыздар тәрбилеу. Сапалы ұрпақ тәрбиелеп өсіргісі келеді. Бұл кімді болса да әрқашан қуантатыны сөзсіз», - дейді Клара Өмірзақова.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы ел іші мен әлемге тек бір пәлсапа немесе ұстанымды насихаттап келеді. Ол – бірлік, достық, ауызбіршілік. Мұны Бірніккен Ұлттар ұйымы да мойындаған. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тартып, күллі жаһанды бірлікке шақырды. Сөйтіп, әлем соғыс, қару-жарақсыз өмір сүруге де болады деген хабар жолдады. Соның жалғасы бүгінгі мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні. Айта кетейік, айтулы дата таң атпастан елдің әр түпкірінде тойланып жатыр.