Астаналықтар Жеңіс күнін қалай атап өтті

09.05.2024 20:15

Астанада Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 2 млн теңге төленді

Almaty.tv

Ұлы Жеңістің 79 жылдығын астаналықтар да атап өтті. Тұрғындар «Отан ана» монументі алдына жиналып, бейбіт күн жолында от кешкен бабаларға тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Отан ана» монументі отандастарымыз үшін тағзым орнына айналды. Жеңіс күнінде мұнда ағылған жұрттың қарасы қалың. Бірі әкесінің, бірі ағасының суретін мақтанышпен көтеріп келген. Олар батырлар ерлігін ұмытпай, бүгінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан.

– Менің екі атам қатысқан. Әке-шешемнің ағалары. Олар – Белорусияның батыс жағындағы қалада жауларды жеңіп, жеңісті тойлаған азаматтар. Бірақ сол жерде оққа ұшты, – деді қала тұрғыны Аманжол Қазыбекұлы.

Жыл басында ел бойынша майдан шебінде жүріп, Отан үшін от кешкендердің саны 178 еді. Бүгінгі күнге 148-і аман жетті. Оның жетеуі елордалық. Кеудесіне жарқырай медаль таққан батырларымыздың қарасы жыл санап азайып барады. Жеңістің 79 жылдығына орай Астанада Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 2 млн теңге төленді. Жыл сайынғы бір реттік көмек биыл екі еселеніп отыр.

– Жылда балалар мен немерелерді ертіп келемін. Балаларымызға үлгі болсқ, ешкім бұл кісілерді ұмытпайды, – деді қала тұрғыны Зарлық Есмұханқызы.

Бас қалада Ұлы жеңіс күнін мерекелеу мұнымен бітпейді. Бүгін қаланың әр бұрышында танымдық-тағылымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. «Отан үшін от кешкендер» көрмесі, әскери-патриоттық ән кештері өтеді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Ер есімі - ел есінде: Биыл Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толды