Микроқаржы ұйымдары 28 мың борышкердің берешегін толық кешіреді

07.11.2022 20:15

2022 жылдың 1 қазанына микроқаржы ұйымдары 285,5 мың қарыз алушыға қатысты проблемалық берешекті төмендету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырды

egemen.kz

Микроқаржы ұйымдары 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдайды. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Агенттік жыл басында кепілсіз онлайн микрокредит беру сегментіндегі 30 микроқаржы ұйымынан азаматтардың проблемалық микрокредиттерін төмендету жөніндегі жеке жоспарларын талап етті. Ұсынылған жеке жоспарлар аясында 2022 жылдың соңына дейін микроқаржы ұйымдары 33,1 млрд теңге сомасына 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдауды, 0,8 млрд теңге сомасына 107 мың қарыз алушыны ішінара кешіру және 0,6 млрд теңге сомасына 28 мың қарыз алушыны толық кешіру жоспарлаған», - деді Нұрлан Әбдірахманов.

Агенттік өкілінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 қазанына микроқаржы ұйымдары 285,5 мың қарыз алушыға қатысты проблемалық берешекті төмендету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырды.

«Оның ішінде негізгі борыш пен сыйақы бойынша 66,4 мың қарыз алушының 585 млн теңге берешегі, 756 млн теңге тұрақсыздық айыбы толық және ішінара кешірілді. 4,8 млн теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы есептен шығарыла отырып, 15,3 млрд теңге сомаға 219,9 мың борышкердің микрокредиті қайта құрылымдалды. Агенттік жеке жоспарлардың орындалуын бақылауды жалғастырады», - деді Нұрлан Әбдірахманов.