Жамбылдағы жарылыстан қаза болған қызметкердің несиесі толықтай өтелді. Бұл жайында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев брифингте мәлімдеді. Сонымен қатар қираған ғимараттарды қалпына келтіру үшін қанша қаржы бөлінгені де белгілі болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жамбылдағы жарылыстың зардабын қалпына келтіру үшін 1 млрд 200 млн теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 729 млн теңгесі жаңа мектеп салуға жұмсалса, 30 млн теңгесі Қайнар ауылына жол салуға, қалғаны қираған кәсіпкерлік нысандар мен баспаналарды қалпына келтіруге жұмсалмақ. Жарылыста жалғыз асыраушысынан айырылған отбасыларға 76 мың теңгеден бастап, 262 мың теңгеге дейінгі әлеуметтік көмек қазан айынан бастап төленеді.
Сонымен қатар, қаза болған 17 қызметкердің туыстарына 15 млн теңгеден аударылған. Бердібек Мәшбекұлы барлық несиелер кешірілгенін, онымен қосағ дүмпуден жарақат алғандар да ұмытылмайтынын атап өтті.
«Жарақат алған 87 адамның әрқайсысына 100 АЕК есебінде, яғни 291 мың теңгеден төленетін болады. 47 несие анықталды. Біз Үкіметтің, Қаржылық мониторинг агенттігінің көмегіне жүгініп, 3 банктің басшыларымен жұмыс жасадық. Оларға рақмет. Қазір марқұмдардың несиелері мен пайыздық төлемдері толығымен жойылды», – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Әскерилер жарылыс аймағынан 100 мыңнан аса мина мен өзге де оқ-дәрі сынықтары табылғанын айтады. Жауаптылар жиналған қару қалдықтарын бір айдан бері әскери бөлім маңын тазарту кезінде тапқан. Қазір олардың қауіптісін бір бөлек, залалсыздарын бір бөлек жинап жатыр.
«Қару қалдықтарын іздеу кезінде қайғылы жағдай болмады. 100 мыңдай түрлі оқ-дәрі сынығы мен басқа да заттар табылды. Олар қауіпті емес. Әскери бөлім ішінде 2 темір жинау бекеті бар, сонда жинап, нөмірлейміз. Бүгінде бірде-бірі сатылу мақсатында сыртқа шыққан жоқ», – деді «Тараз» гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухаринова.
Ал әскерилер із-түзсіз жоғалған Бауыржан Дәуітбаевты іздеу жұмыстарын әлі де үзбей жүргізіп жатырмыз дейді. Айтпақшы, олар жарылыстан әскери бөлімге келген шығын мен бүлінген техника санын ашып айтпады. Ол қорғаныс саласының құпиясы дейді.
Мерей Бает, «Алматы арнасы», Жамбыл облысынан