Үміткер Жамбыл Ахметбеков студенттердің мәселесін тыңдады

05.06.2019 20:15

«Білімді ұрпақ – келелі болашақ кепілі». Шығыс Қазақстан Экономика және қаржы колледжінің студенттерімен кездескен  кандидат Жамбыл Аxметбеков сапалы білім алудың маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал студенттер үміткерге сауалдарын қойып, жастардың жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстарымен бөлісті. 

Жамбыл Аxметбековтың айтуынша, Коммунистік халық партиясы білім сапасын арттыруға бағытталған жұмысын жалғастырады.

«Қазіргі кезде біз балабақшадан бастап, орта білім беретін мектептер және ЖОО-ның барлығы бір жүйеде жұмыс атқарғаны дұрыс деп санаймыз. Білім саласындағы реформалар тоқтамаса, онда біз тек реформалар үшін өмір сүрген болып кетеміз. Сондықтан жастардың білімі жақсы болсын десек, жүйені жақсарту керек», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл АХМЕТБЕКОВ.

Өз кезегінде жастар көкейінде жүрген біршама өзекті мәселелерді көтерді. Олардың дені шәкіртақыны көбейту, жатақханамен қамту және диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасуға қатысты жайттар.

«Бізге еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасу өте қиын. Оқу бітіргеннен кейін қызметке алмайды. Ал жұмыс істемесек, қалай тәжірибе жинаймыз? Міне, сондықтан да көптеген студенттер мамандық бойынша істей алмайды. Тағы бір мәселе, жастардың басым бөлігі шетелге оқуға кетіп жатыр. Біздің ойымызша, мемлекеттік білім гранттарының санын көбейтсе, олар өз отанында қалар еді», – деді студент Тамкинахон САФАРОВА.