Моноқала мұңы: Әкімі жиі ауысатын қаратаулықтар жол азабын тартып отыр

26.05.2021 00:37

Қаратау қаласындағы көшелердің жартысы жөндеуді қажет етеді

Almaty.tv

Жөнделмеген жолдар моноқаланың мұңына айналды. Жамбыл облысына қарасты Қаратау қаласындағы көшелердің жартысы жөндеуді қажет етеді. Тұрғындар жолдардың барлығы ой шұңқыр боп ойылған дейді. Ал, тұрмысын көлікпен түзеген жүргізушілер ақшаның бәрі жөндеуге кетеді деп жыларман. Уәдеге тойған жұрттың мәселесін Almaty.tv тілшісі Мерей Бает айтсын.  

Кеңестік кезеңде Қаратау гүлденген қаланың бірі еді. Мына шаңы шыққан асфальттар да сол тұста төселген. Жеке секторға жайғасқан аумақтар содан бері жаңа жол көрмеген. Аудан билігі шұрықтарды жамауға тырысып қызыл түсті ұнтақ сеуіпті. Бірақ бұл жағдайды одан әрі ушықтырды дейді, тұрғындар.    

Блиц:

- Бір айға жеткен жоқ жаңбыр жауды, батпақ болды, қайтадан шұңқыр шықты. Әкімдікке айттық, ескерттік. Ешқандай қимыл болған жоқ. Олардың айтатыны – біз тегістедік, әзірге асфальт жоқ, төмей алмаймыз деп отыр.

- Қалашықта өзі 7 көше бар. Жолдың бітеген жері мынау, міне, қараңдар. Сәл жел тұрса қызыл шаң көтеріледі. Жаңбыр жауса қып-қызыл қан, көліктің бәрі қызыл ала. Жолдың сапасы осы.

Қаратаулықтар жаңа жол болмаса да, күрделі жөндеуді сұрап отыр. Бірақ былтырғы әкім биыл жоқ, биылғы әкім халықты әлі де қабылдамаған.

«Артық қыламын деп тыртық қылып отыр. Халыққа қамқор болады деген әкімдікке біреуі келеді, біреуі кетеді. Жалпы 4-әкім келіп отыр осы», – деді  Қаратау қаласының тұрғыны Жұмағали Байбағысов.

«Былтыр келесі жылы деген. Биыл тағы жаңадан әкім келіпті. Ол не дейтінін, барайық деп отырмыз оған», – деді Қаратау қаласының тұрғыны Сайлаубек Балқыбеков.

Жолдың жайы жырланған жиынға қала басшысы арнайы келді. Халықты сабырға шақырған әкім, 40 тан аса көшені жөндеу үшін ұсыныс жасағалы жатқандарын жеткізді.

«42 көшенің толық көлемде негізі жоспары жасалынған. Көше жамылғысының қаражатын есептеп, жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Сол біткеннен кейін экономика бөліміне бюджеттік өтінім береміз. Бюджеттік өтінім бергеннен кейін қаражаты бөлінсе, бірден конкурс ойнатамыз», – деді Қаратау қаласының әкімі Мақсат Рысбаев.

Таластың орталығында 102 көше болса, оның 40-қа жуығы ғана асфальттанған екен. Ал әкім айтқан көшелерге қаржы қашан бөлінетіні белгісіз. Тұрғындар биыл ең болмаса орталық көшелерді жөндеп берсе деп сұрап отыр.

Мерей Бает, Нұрлыбек Ержанұлы, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан