Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов коммуналдық қызмет бағасын төмендететін айтты
«Тарифтер бойынша шағымдарыңыз болса, жеке өзіме хабарласыңыздар». Үкімет отырысынан кейін журналистермен тілдескен су жаңа Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов коммуналдық қызмет бағасын төмендететін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы екі жыл Сүлейменовтың бірінші орынбасары болған Дәленов тариф жайында елде түсіндірме жұмыстары жүріп, барлық аймақтарда қатаң бақылау болады деді. Министрдің сөзінше, Астанада энергия бағасы 10 пайызға арзандаған. Сондай-ақ, ол журналистерге тұрғындардан тарифтерге қатысты шағым болса, өзіне тікелей хабарлауын сұрады.
«Осы мәселені өзімнің бақылауыма аламын. Егер де тариф бағасында өзгерістер сезілмесе, онда тікелей маған келулеріңізді сұрар едім. Министрлік бұл мәселені басқа қалалар мен облыстарда ақпаратты кеңінен жариялайтын болады. Әрбір адам монополист мәлімдеген тарифті үйге келген төлем түбіртегімен салыстыра алады. Тұрғындар өзгерістерді сезінуі тиіс», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.