Бұл бастамаға алғашында 13 мыңнан астам қазақстандық қатысуға ниет білдірген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүргізілген Президенттік жастар кадр резервіне 300 қазақстандық енді. Ол туралы бүгін Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, резервке енген жастар мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалады. Мұндағы басты мақсат - білікті басшылардың жаңа буынын қалыптастыру және жастар үшін әлеуметтік лифтінің ұтымды жүйесін құру. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев іріктелгендердің болашағы қандай болатынын айтты.
«Жалпы алғанда бәрі бір сәтте тағайындалмайтынын ескеру керек. Жақын болашақта Президенттік жастар кадр резервіне қатысушылар мемлекеттік органдар мен Ұлттық компанияларда әртүрлі позицияда жұмыс істейтін болады. Біріншіден, жарияланған тізім мен соған сәйкес құжаттар әкімдерге, министрлерге, мемлекеттік орган басшыларына жіберіледі. Әр мемлекеттік орган мен министрліктерге жақсы мамандар тапшы екені сөзсіз. Олар тізімді қарап, жас мамандарды өздеріне жұмысқа шақырады. Екіншіден, Президент Әкімшілігі өз құзіреті шегінде қажетті мекемелерге қажетті мамандарды ұсынатын болады», – деді ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен ӘШІМБАЕВ.
Бұл бастамаға алғашында 13 мыңнан астам қазақстандық қатысуға ниет білдірген. Қатысушыларға 35 жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс деген талаптар қойылды. Жастар 6 кезеңнен тұратын іріктеуден өтті. Жеңімпаздардың орташа жасы 31-ді құраған. Үміткерлерді іріктеу онлайн форматта өткен.
«Іріктеудің ашықтығына келетін болсақ, оны бірінші кезеңнен бастап онлайн форматта өткіздік. Ол дегеніміз – барлық тест онлайн форматта өтеді деген сөз, яғни оған ешкім ешқандай әсер ете алмайды. Онлайн түрде тестілер берілді. Олар өздері үйлерінде отырып, компьютерлері арқылы жұмыс істеп, жауап беріп отырды. Біздің оған ешқандай қатысымыз болған жоқ. Ешқандай субъективизм ол жерде болу мүмкін емес», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА.