Алматы облысында 20 мыңнан астам жүргізуші ереже бұзған

24.05.2024 20:18

«Сұңқар» бейнебақылау камерасы белдігін тақпаған жүргізушілерді де анықтайды

Almaty.tv

Алматы облысында жаңадан іске қосылған «Сұңқар» бейнебақылау камерасы 20 мыңнан астам жүргізушінің ереже бұзғанын анықтады. Жаңа құрылғы заң бұзушылықтың 25 түрін тіркей алады.

Ал камераның көбейгеніне шағымданған көлік иелері қара жолдың сапасы сын көтермейтінін айтып, шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бірнеше күннен бері қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілердің айыппұл арқалағаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. Бұған дейін жылдамдықты асырған және сызықты кесіп өткені үшін ғана төлем жасап жүрген көлік иелері түсінбей дал. Алматы-Көкпек автожолының 30-шақырымына шынымен көпке таңсық камера орнатылған.  

Тәртіп сақшыларының айтуынша, «сұңқар» құрылғысы әзірге көлік апаты жиі болатын орынға қойылған. Ол белдігін тақпаған және ұялы телефонмен сөйлескен жүргізушілерді де бірден анықтайды.

– «Сұңқар» камераларын енгізу жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және өңір жолдарындағы заң бұзғандардың санын азайтуға бағытталған. Аталған жоғары технологиялы камералар дәлдігі және сурет сапасымен ерекшеленеді, – деді Алматы облысы пд әпб бөлім бастығы Берік Дакеев.

Әзірге іске қосылған жалғыз камераның тағы бір артықшылығы - сыртқы жарық құралын дұрыс пайдаланбаған, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардан өту, белгіленген жылдамдықтан асыру, көлікті тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өту сынды заңбұзушылықтарды да анықтайды. Аз ғана уақыттың ішінде 20 мыңнан астам көлік жүргізуші жол ережесін елемеген. Ал қара жолда жүйткіген темір тұлпар иелерінің бейнебақылау құрылғыларының тым көптігіне уәжі бар.

– Бейнебақылау камерасының көптігіне халықтың өзі наразы. Оның көп болғаны дұрыс, бірақ жолдың сапасын жақсару керек деп ойлаймын, – деді көлік жүргізуші.

– Бір айда 3-4 рет түссем. Қауіпсіздік белбеуі адамның өзі үшін маңызды, – деді көлік жүргізуші.

Жоғары дәлдікпен және жасанды интеллект нақты уақыт режимінде деректерді талдайтын камералар алдағы уақытта өзге де учаскелерге орнатылады. Сондықтан мамандар көлік тізгіндеген жүргізушілерге ережені сақтауға кеңес берді.

Бауыржан Жақсымбет, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтауда коммуналдық қызмет үшін негізсіз төлем өндірген мекеме анықталды