Жеміс Тұрмағамбетова «Комъюнити полис» жобасын таныстырды
Алматы полицейлері шеруге шыққан халықпен келіссөздер жүргізетін болады. Тәртіп сақшыларына қақтығыссыз тілтабысу жолын шетелдік мамандар үйретпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова Кеңес қызметінің жұмысын пысықтайтын отырыста әзірге тек оңтүстік астанада іске асатын «Комъюнити полис» атты жобаны таныстырды.
«Адам құқығын қорғау хартиясы» қоғамдық қорының директоры көшеге шыққан халықты қуып, күш көрсетпей, полицейлер түсіндіру, сөйлесу, тілтабысу жолын ұстану керек деген ойда. Бұл бастама әлемде кеңінен дамыған деген кеңес мүшесі тәртіп сақшыларын қоғамға қарсы қоюға болмайды деді.
«Мен «Community police жобасын ойлап шығардым. Былтырдан бері бұл бастаманы мемлекеттік органдарға енгізе алмадым. Бірақ биыл Алматы әкімдігі жергілікті бюджет көмегімен пилоттық жоба қолға алынатынын айтты. Барлығы дұрыс болған жағдайда, жоба мемлекеттік деңгейде талқыланады», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, «Адам құқығын қорғау хартиясы» қоғамдық қорының директоры Жеміс ТҰРМАҒАМБЕТОВА.