Ең арзан тауық еті мен тауық аяқтары Орал қаласында, келісі 997 теңге тұрады
Қазақстанда жыл басынан бері тауық етінің бағасы 28 пайызға, ал тауық аяқтарының құны 27 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Еnergyprom сайтына сілтеме жасап.
«Биыл қаңтар-қазан аралығында Қазақстанда 93,3 мың тонна жаңа немесе салқындатылған құс еті өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5%-ға артық. Ал мұздатылған құс етінің өндірісі 109,3 мың тоннаны құрайды. Өткен жылмен салыстырсақ 1,7% жоғары», - делінген хабарламада.
Аталған ресурстың мәліметіне сәйкес, өңірлер арасында мұздатылған құс етін өндіру бойынша Алматы облысы көш бастап тұр.
Яғни, 54,6 мың тонна немесе 4,9%. Көшбасшылар үштігіне Ақмола және Абай облысы кіреді.
Сондай-ақ, салқындатылған құс етін өндіру бойынша Ақмола облысы (35,2 мың тонна) алдыңғы орында. Екінші орында ШҚО, ал үшінші орынға Алматы облысы жайғасқан.
Өткен жылы елімізде 112,5 мың тонна салқындатылған және 127 мың тонна мұздатылған құс еті өндірілді. Демек салқындатылған құс еті 20,5 пайызға, ал мұздатылған құс еті 13,8 пайызға артық.
Биыл қаңтар-тамыз айының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар құс еті мен азық-түлік өнімдеріне сұранысты (ішкі нарықпен экспортты қоса санағанда) 67,2%-ға қамтамасыз етті. 2021 жылы 69,2%-ға қамтыған еді.
Импорт үлесі 30,8%-ды құрады. Қазақстан 84,9 мың тонна «ақ» ет және субөнімдер әкелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға аз.
Ал экспортқа 8,7 мың тонна ет жіберілді, көрсеткіш 55,6%-ға аз. Ішкі нарықта құс еті және құс еті өнімдерін сату 4,3%-ға яғни 267,2 мың тоннаға дейін өсті.
2022 жылғы қазан айының қорытындысы бойынша Қазақстанда тауық еті 27,9%-ға, ал тауық аяқтары (окорочка) 26,7%-ға қымбаттады. Осылайша дүкендер мен базар сөресінде тауық етінің келісі 1,4 мың теңге, ал тауық аяқтарының келісі 1,2 мың теңге болды.
Тауық еті бағасының қымбаттауы әсіресе Абай облысында байқалды. Бір жылда 52,3%-ға өскен.
Сонымен қатар Шымкент қаласында 48,7%-ға және ШҚО-да 41,9%-ға қымбаттаған.
Керісінше арзан баға Алматы облысында тіркелді. Аталған өңірде өсім - 12,3%.
Тауық аяқтарының (окорочка) бағасы Маңғыстау облысында 54,9%, Павлодар облысында 43,9%-ға және СҚО-да 35,7%-ға қымбаттау байқалды.
Еліміздің ірі қалаларының ішінде тауық еті Ақтауда (келісі 1,7 мың теңге), тауықтың аяқтары Түркістанда келісі 1,4 мың теңгеге қымбат.
Ең арзан тауық еті мен тауық аяқтары Орал қаласында, келісі 997 теңге тұрады.