Almaty Mall сауда орталығында орналасқан зообақ бір ай ішінде жабылады

17.01.2020 01:56

Зооқорғаушылар мен еріктілер жыртқыш аңдарды торға қамап, ақша тапқан кәсіпкерді сынады

Бүгін бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Қала билігі хайуанаттар бағындағы аңдарға жасалған жағдай адамгершілікке жатпайды деп санайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Десе де, Қазақстанда көпшілік орындарда жануарларды ұстау туралы нақты заң жоқ. Сондықтан, Алматы әкімдігі ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс айтып, хат жолдады. Оның аясында, жануарларды пайда көзіне айналдырған кәсіп иелерінің қызметін тоқтату туралы ұсыныс та бар.

«Әрине, жылжымалы зообақ иесі енді Алматыдағы басқа да сауда орталықтарынан орын іздеуі мүмкін. Осы сәтті пайдалана отырып нысанды жалға берушілерге айтарым, біздің ойымыз бір жерден шықса екен. Жыртқыш аңдарды сауда кешені ішіндегі зообақта ұстауға қарсылық білдіреміз. Бұл сұрақты тиісті министрлік қарастырады деген ойдамыз. Заң қабылданса, оған қосымша талап-тілектермен толықтырулы керек», - деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш ӘБДІЖАББАРОВА.

Еске сала кетейік, кеше бір топ белсенді сауда кешеніндегі зообаққа қарсылық білдіріп жиналған еді. Зооқорғаушылар мен еріктілер жыртқыш аңдарды торға қамап, ақша тапқан кәсіпкерді сынады. Сөздерінше, зообақтағы 20-дан астам жыртқыш жануар тас еден мен тар торда жатыр. Онда таза ауа мен күн көзі мүлде түспейді.