Таразда қоғамдық көліктің жолақысы 20 теңгеге өсті. Қала тұрғындары бұған наразы, ал жергілікті тасымалдаушылар, басқа амалымыз жоқ дегенді алға тартады. Қалыптасқан жағдайға байланысты билік өкілдері не дейді? Тараптар пікірін өңірдегі Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жинап қайтты.
Бір апта бұрын жолақысын көтеруді автопарк өкілдері сұрапты. Олардың өтінішін қараған жергілікті билік, құжатты мақұлдап, төлем ақысын 20 теңгеге жоғарлатқан. Бағаның өсетіндігі апта ішінде айтыла бастағанымен жолаушылардың көбі естімедік деп ашулы.
БЛИЦ:
– Тоқтату керек қымбаттатқанды. 85 теңге деген не ол? Күніне 10 рет жүрсең 850 теңге кетеді екен.
– Барлығы қымбаттап жатыр ғой. Пенсия жетпейді, айлық көтерілмейді.
Қазір электрондық жолақы құны ересектерге 65-тен 85 теңгеге, оқушыларға 30-дан 40 теңгеге көтерілген. Ал, қолма-қол төлем бұрынғынша 130 теңге. Әкімдік өкілдерінің айтуынша бұл ел бойынша ең арзан баға. Ал жол құнының көтерілуіне негізінен жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің шарықтауы себеп болған.
«Тарифты көтерудің тағы бір себебі бұл бүгінде сол ГСМ-нің 30-40 пайызға қымбаттауы, қосалқы бөлшектердің 50 пайызға өсуі. Тек дизельдің өзі 2017 жылы 89 теңге болса, бүгінде 185-200 теңге»,– деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.
Қала билігі, бағаны өсірмеген жағдайда тасымалдаушы компаниялар қымбатшылыққа байланысты банкорт болуы мүмкін екенін айтады. Әрі өскен баға есебінен автобустарды жаңалауды көздеп отырған көрінеді. Бүгінде Таразда пандемияға байланысты күнделікті 32 бағытта 250-ге тарта автобус қатынауда.
Мерей Бает «Алматы» телеарнасы