Украинадағы қазақстандық жүк көлігі жүргізушілеріне көмек беріледі

03.03.2022 21:47

Бастысы кәсіп иелері заңды келісімшарттың бұзылғаны туралы құжаттарды көрсетсе болғаны

Almaty.tv

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Украина шекарасында қалып қойған ауыр жүк көлігі жүргізушілеріне көмектесіп жатыр. Бұл туралы палата директоры Айтуар Қошмамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, кешеден бері 60-қа жуық ауыр «КамАЗ» көлігінің 18-і Украинамен көршілес Молдова, Польша және Ресей арқылы Қазақстанға жол тауып, шыға білген. Ал қалып қойған өзге жүргізушілер үшін кәсіпкерлік палатасы жедел желі ашыпты. Яғни, азаматтар 1432 нөміріне хабарласып, көмек сұрай алады. Бірінші кезекте тез бұзылатын азық-түлікті алып келе жатқандарға жәрдем беріледі.

«Мәселелер туындап жатқан кәсіпкерлер болып жатса, кәсіпкерлер палатасына хабарласа алады. 1432 қысқа нөміріне немесе біз жариялаған бірнеше мобилдік телефон бар. Сонымен қатар СІМ тарапынан Ресейдегі және Украинадағы консулдықтар мен елшіліктер тарапынан көмек ала алады», – деді қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.

Одан бөлек, Украина мен Ресей арасындағы текетірес салдарынан жапа шегіп, шығынға батқан басқа да кәсіпкерлер арнайы көмек ала алады. Бастысы кәсіп иелері заңды келісімшарттың бұзылғаны туралы құжаттарды көрсетсе болғаны.

«Мұндай мәселеге кез болған азаматтар Атамекен кәсіпкерлер палатасына форс-мажор сертификатын алу бойынша жүгіне алады. Сонымен қатар әр қалада форс-мажормен айналысатын мамандарымыз бар», – деді қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.