Табысы аса жоғары мемқызметкерлерге мансаптық жаза қаралады

Заң жобасымен 11 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 Кодекске және 8 заңға түзету көзделген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Табысы қайдан шыққанын түсіндіре алмағандарға мансаптық жаза қаралады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Заң жобасымен 11 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 Кодекске және 8 заңға түзету көзделген.

«Осыған байланысты, қолданыстағы заңнамада көзделген 10 пайыздық жеке табыс салығынан басқа, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, шенеуніктердің шығыстары мен табыстарының айырмашылығы 1000 айлық көрсеткіштен асып түссе, фискалдық санкция қаралады. Яғни, айырмашылық сомасының 90 пайызы әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді. Дегенмен әрбір жағдайда шығындардың заңдылығын түсіндіруге бәріне мүмкіндік беріледі. Ал егер сол айырмашылық жылдық табыстан асып жатса және оның қайдан шыққанын түсіндіре алмаса, мансаптық жаза қаралады», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды қорғау жүйесі жетілдіріледі. Біріншіден, хабарлаушылардың еңбек қатынастары саласындағы құқықтарын қорғау назарға алынады. Екіншіден, парақорлық туралы хабарлаған адам жөніндегі мәлімет құпия ретінде сақталады. Аталған шаралар әшкерелеуші адамның құқықтарын қорғауға кепілдік береді. Бұдан бөлек, Марат Ахметжанов шетелге заңсыз кеткен қаражатты қайтаруға қатысты түсінік берді.

«Оған (шетелдік құзырлы органдарға) құқықтық көмек беру үшін тапсырыс жіберуіміз керек. Екі жақпен, яғни сол елмен құқықтық келісім болуы керек. Біз санкциялап, тиісті сұраныс жібереміз. Бұл тұрғыда шетелдегі құқық қорғау органдары мүлікті (заңсыз шығарылған) зерделейді. Осы орайда біздің сұраныс бойынша санкциялап, шектеу қойылуы тиіс. Бұдан кейін сотталған кезде, бүкіл дәлелдерін берген кезде, заңсыз әрі қылмыс жолымен алынғаны нақтылағанда, олар бізге қылмыстық процеспен толық қайтаруға мүмкіндігі болады», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.

Новости партнеров