Арнайы тапсырма бойынша халықтың табысын арттыруға бағытталған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Аталған құжатта ел азаматтарының кірісін көбейтумен қатар, орынсыз шығындарды азайтатын тың шаралар қарастырылуға тиіс» деген Президент орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі туралы тек нақты ақпар таратудың маңызына тоқталды.
«Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Ашығын айтқанда, жәрдемақы және зейнетақымен күн көріп отырғандар аз емес. Соңғы бес жылда халықтың жалпы табысында еңбек кірістерінің үлесі 80 проценттен 67 процентке дейін қысқарды. Есесіне әлеуметтік трансферт көлемі 17 пайыздан 29-ға дейін артты. Бұдан азаматтардың кірісі алатын жалақысына емес, бюджет шығысына тәуелді екенін байқауға болады», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ аталған жиында Премьер-министр Әлихан Смайылов көліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын қайта өңдеу үшін алым мөлшерлемесінің біршама төмендейтінін де жеткізді. Оның айтуынша, нақты төлем мөлшері осы айдың соңында бекітіледі.