Құрылысы толық аяқталмаған үйге су мен электр жарығы да тартылмаған
Петропавлда тұрғындар ипотекаға әзер алған үйлеріне кіре алмай жүр. Оған қоса «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған көпқабатты үйде олқылықтар жетіп артылады. Тұрғындардың сөзінше, үйдің құрылысы толық аяқталмаған, ол аздай, пәтерге су мен электр тартылмай, жағдайы жұпыны күйде екен. Енді күйсіз жүріп, үй жайын даулаған олар әкімдіктен мәселенің тез реттелуін талап етеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Махаббат Үсенова – үйдің кілтін ала алмай жүргендердің бірі. Құжат жүзінде үй иесі атанып, ипотека төлей бастаған оның пәтердің сапасына көңілі толмайды. Тұрғынның сөзінше, үйге жарық пен жылу өткізілмеген. Осы мәселені айтып әкімдік табалдырығын тоздырғанымен, жоғарыдағылар оны құр уәдемен қайтаратын көрінеді.
«Халыққа қызмет ету орталығында барлық құжатты толтырдық. Қазіргі уақытта мен пәтер иесімін. Банкте ипотека төлеудің алғашқы шарттары бекітілген. Бірақ үйге кіруге рұқсат жоқ. Әкімдік бізге қыркүйек айының соңына дейін күтіңдер деген. Міне, қыркүйек те аяқталды. Бұрын 10 күн, содан соң 20 күн күтіндер деген еді. Ал бүгін «2-2,5 ай күтіңдер» деп жатыр. Бұл қалай болғаны? Ипотеканы не үшін төлеп жатырмыз?», – дейді қала тұрғыны Махаббат Үсенова.
Ал 10 жыл үй кезегінде тұрған Самал Көкімбаева «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша конкурстан өтіп, армандаған пәтеріме енді қол жеткіздім дегенде, қуанышым су сепкендей басылды дейді.
«Тамыз айында осы үйдің келісімшартына отырдық. Енді міне, қазан айында осы үйдің ипотекасын төлеу керек, ал біз әлі кіргеніміз жоқ. Келісімшартқа отырдық, қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Жалдамалы пәтердің бағасы өте қымбат, бала шағамыз, түрлі шығынымыз бар. Екі үйге де ақша төлеу бізге өте ыңғайсыз, өте қолайсыз», – дейді тағы бір тұрғын Самал Көкімбаева.
Әкімдіктегілер Жабаев көшесіндегі 49-шы үйде кемшіліктердің бар екенін мойындап отыр. Олардың сөзінше, бұған мердігер компанияның жұмысқа салғырт қарағаны себеп. Ал жарық электр стансасы құрылысының созылуына байланысты қосылмай жатқан көрінеді.
«Келісімшарт бойынша, былтыр бітіруі керек еді. Бірақ олар былтыр бітірген жоқ. Ақырғы келісім бойынша тамыз айында аяқтауы тиіс еді. Тамыз айында да берілген жоқ. Қазір әлі де жұмыс істеп жатыр», – деді құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабралин.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша бой көтерген көпқабатты үйдің құрылысына 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Әкімдік бұл үйге 10 күннің ішінде жылу мен су, ал араға бір ай салып жарық тартылады деп уәде берді. Петропавлда бұдан бөлек, тағы 4 үйге жарық уақытша электр стансасы арқылы тартылған.
Алина Нұртазина, «Алматы» телеарнасы, Петропавлдан