Жұрт алдына келген жергілікті әкім қазір жағдайдың тұрақталғанын айтты
«Таудан аққан су баспанаға залал келтірді» деген Шамалған ауылының тұрғындары күн жылынып, қар ерісе су астында қалудан қорқады, деп хабарлайды Almaty.tv.
4 күн бұрын төнген қауіп әлі сейілмеді. Тұрғындар топырақ төсеп, қолдан бөгет жасап қойған. Алайда олар көктем келсе арнасы көбейетін су көшені басып қала ма деген қорқынышын жасырмады.
«Әуелі үйдің артына су жиналды. Қар еріген сайын су көбейіп, баспанамызды суға толып қалды», – деді Шамалған ауылының тұрғыны Исламбек Әбіш.
«Су таудан ағып жатыр. Ертең мұз ерісе, не болады», – деді Шамалған ауылының тұрғыны Батырғали Зинединов.
Қауіптің алғашқы түнінде жергілікті әкімдік топырақ төсеп, ағын суды тоқтатуға тырысқан. Бірақ ертесі тағы тасыған тау суы бөгетті бұзыпты.
«Төтеншеліктерге хабарластық. Олардың айтуынша, Абай ауылын да осындай жағдай болғандықтан, техника жетпейді. Бір елдімекеннің суын тоқтата алмағанын түсінбедім, олардың техникасы қайда», – деді Шамалған ауылының тұрғыны Бақытжамал Киікбаева
Жұрт алдына келген жергілікті әкім қазір жағдайдың тұрақталғанын айтты.
«Арықтарды тазартып жатырмыз. Тұрғын үйлерге залал келтірмейтін тұсын ойластырудамыз. Алдағы уақытта қосымша сметалық құжат дайындап, тас жолдың 2 жағынан да арық қазамыз», – деді Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов.
Таудан тасып су келсе, апат астында қалатын 4 көше бар. Ал 2015 жылы ел қоныстана бастаған аумақта атқарылуы тиіс іс әлі де көп көрінеді.
Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы