Алматыда 2 млн теңге пара алған шенді сотталып кетті

24.12.2019 20:20

Ол 2 жыл 7 ай 15 тәулікке бас бостандығынан айрылды

zakon.kz

Алматы қаласы Бостандық ауданының сот актілерін орындау жөніндегі бөлім басшысы міндетін атқарушы пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласының Әділет департаментінің ішкі қауіпсіздік және персоналмен жұмыс жөніндегі бөлімнің қызметкерлерімен бірлесіп Алматы қаласы Әділет басқармасының Бостандық ауданы бойынша сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі басшысы міндетін атқарушысы А.Н. Әділовты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасау күдігі бойынша ұстаған болатын.

"Ол сот актісін орындамау фактісі бойынша мүлікке тыйым салу шарасын қолданбау және ішкі істер органдарына материалдарын жібермеу үшін ЖШС директорынан 2 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінген. 2019 жылдың 23 желтоқсанында Алматы қаласы Медеу ауданының №2 сотының үкімімен А.Әділов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл 7 ай 15 тәулікке бас бостандығынан айрылды, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен өмір бойына аластатылды", - деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің баспасөз қызметі.