Қазақстанда үй алу кезегінен қанша адам шығарылды

Фото: elements.envato.com
Фото: elements.envato.com
Елде 646 мың азамат баспана кезегінде тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда 22 мыңға жуық адам үй алу кезегінен шығарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Мәжілісте тұрғын үй саясатына қатысты заң жобасы қаралды. «Отбасы банкінің» ішінен «ұлттық даму институты» пайда болмақ. Заң жобасы бойынша енді баспана кезегін жасау құзіреті әкімдіктерден алынып, осы қаржы мекемесіне беріледі. Жергілікті атқарушы органнан баспана кезегі «Отбасы банкіне» өзгеріссіз жіберіледі. Мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев кезек мәселесін толықтай қаржы мекемесіне өткізуге қарсы екен.

– Бұрын кезекке қою кезінде жергілікті билік дұрыс жұмыс істемеген. Соның салдарынан осындай тізім жарияланды. Соңғы бес жылда атында үйі болған 96 мың адам тізімнен шығарылатынын ерекше атап өткім келеді. Ал қалғаны «Отбасы» банкіне беріледі. Әр адамның мәселесі жеке қаралады, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Қазақстанда 22 мыңға жуық адам үй алу кезегінен шығарылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев осы күні елде 646 мың азамат баспана кезегінде тұрғанын айтады. Оның ішінде 232 мың адам талапқа сай емес. Сондықтан бұл азаматтар да тізімнен алынады. Баспанадан үміткер 100 мың тұрғынның  атында соңғы 5 жылда үйі болған. Ал 91 мың 400 азаматтың тіркеу орны кезекте тұрған өңірмен сәйкес келмейді. 29 адам еш жерде тіркелмеген.

– Кезекке тұру – мемлекеттік қызмет. Яғни, еGov.kz арқылы кезекке тұрасыз. Мемлекеттік базада тұрған азаматтарды «Отбасы банкі» қарастыратын болады. Бірақ екінші оқылымға дейін әкімдіктің де жауаптылығын міндетті түрде қарастыратын боламыз. Сонда екеуі қатар болады. Бұл «Отбасы банкке» де тиімді, – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес, тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады. Бұл барлық мұқтаж азаматтарды әділ баспанамен қамтуға мүмкіндік береді екен. Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Екінші оқылымға дейін бұл құжатқа тағы өзгеріс енгізілуі мүмкін.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Мектептердегі орын тапшылығы қалай шешіледі

Новости партнеров