Бүгінде еліміз бойынша салық төлемегендердің қарызы 20,9 миллиард теңгені құрайды
Азаматтардың жылдар бойы жиналған мемлекетке деген берешегі қалай кешірілетінін Қаржы министрінің орынбасары Қанат Байеділов түсіндірді. Ол, салықтың бәріне рақымшылық жасалады деген сөз емес дейді. Мемлекет тек негізгі қарызын төлегенге салықтың үстінен қосылған өсімпұлды өшірмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кірістер комитеті қазақстандықтар 20,9 миллиард теңге қарызын өтемегенін айтады. Мұндағы негізгі борыш 14,3 миллиард теңгені құраса, өсімпұлдар 6,6 миллиард теңгеге жеткен. Көбіне азаматтар көлік, жер және мүлік салығын өтеуге салғырттық танытады.
«Бұл рақымшылық жеке кәсіпкер емес, бірақ кәсіпкерлік қызметтен туындайтын салықтар бойынша берешегі бар жеке тұлғалардың салықтық берешегін есептен шығару мүмкіндігі береді. Бұл жерде көрсетілген берешек 2002-2003 жылдары салық органдарының жергілікті жүйеден жалпы республикалық салықтық ақпараттық жүйеге көшуі кезінде пайда болғанын айтып өткен жөн. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, сомасы 700 млн теңге болатын мұндай салықтық берешек 16 мыңнан астам жеке тұлғада болған», – деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Қанат БАЕДІЛОВ.
Ең көп борышкер жеке тұлғалар Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Түркістан, Жамбыл облыстарында тіркелген. Вице-министр азаматтар негізгі борышын төлеген жағдайда, мемлекеттік табыс органдары үш жұмыс күнінде өсімпұлды есептен шығару туралы шешім қабылдайтынын айтты.