Алаш жұрты Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды

27.05.2024 20:21

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қатысып, Президенттің көңіл айту хатын оқыды

Аlmaty.tv

Алаш жұрты Қазақ тағамтану академиясының президенті, дансаулық сақтау саласының аңызы, белгілі академик Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды. Қазақ медицинасының дамып, әлемге танылуына сүбелі үлес қосқан, нутрициологияның негізін қалаған ғалым 94 жасына қараған шағында дүниеден озды. Теңдесі жоқ ұлы тұлғамен қоштасу рәсімі Алматыда өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен академикті соңғы сапарға шығаруға Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов қатысып, Президенттің көңіл айту хатын оқыды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұлттың асыл абызы мәңгілік сапарына аттанды. Қазақ тағамтану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, өшпес із қалдырған алып тұлға – Төрегелді Шармановтың дүниеден өтуі қазақ елінің қабырғасын қайыстырған қаза болды. Академик 12 жыл Денсаулық сақтау министірлігіне жетекшілік еткен. Халықты дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануға үндеген ғалым, қызметін абыроймен атқарған. 1974 жылдан бері Қазақ тамақтану академиясын басқарып, диетология саласының негізін қалады. Ресми қоштасу рәсіміне Парламент Мәжілісінің төрағасы қатысып, Мемлекет басшысының көңіл айту хатын оқыды.  

– Ол – саналы ғұмырын ұлт денсаулығына арнаған бірегей тұлға, биік парасат иесі еді. Отандық медицинаның алға басуына бар қажы-қайратын жұмсап, көптеген игі іске бастамашы болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ЮНИСЕФ және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орната білді. Айналасына сыйлы, ғибратты ғұмыр кешкен Төрегелді Шарманұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Қазақ медицинасының мақтанышына айналған академик тағамтану саласын әлемдік деңгейге жеткізген. Оның бастамасы арқылы 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің халықаралық конференциясы Алматыда өтіп, маңызды мәселелер көтерілді. Сондай-ақ ғалым Алматы декларациясы қабылдануына мұрындық болған. Алматы әкімі де, тұлғамен қоштасып, естелік айтты.  

– Жиырма жылдан астам қасымда болды. Қай жерде жүрсем де, жылы сөзін еститінмін. «Қиыншылық болады, басыңды көтер, сен жеңесің» деп ылғи сенім артып, қолдау білдіріп отыратын, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

«Асыл әке, сүйікті ата болып ғана қоймай, ақылшы, ұстаз болды». Белгілі академиктің жалғыз ұлы  әкесі туралы естелігін осылай бастады. Ол өмірінің соңғы күніне дейін бала-шағасына тәлім беріп, немерелерін тәрбиелеп отырған.

– Асыл әкем мәңгілікке аттанды. Ол таңғажайып өмір сүрді. Керемет, өте ақылды, рухы биік, жүрегі кең, ойы терең жан еді. Бірінші байлық –  өзі айтқандай, отбасымыз. Немерелерін сүйіп, жақсы көріп, «бақыттымын, өйткені осындай ұрпағым бар!» деді. Өте қиын, бірақ амал жоқ, оның өмірі жалғасып жатыр, – деді Т. Шармановтың ұлы Алмаз Шарман.

Аңыз болған академиктің негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тек медицина қоғамдастығына ғана емес, халыққа көрсеткен көмегі мен қолдау ұшан-теңіз. Төрегелді Шарманұлы ҚР Еңбек ері атағын алған, дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – Леон Бернард сыйлығымен марапатталған.

– Ұлы ұстаз, академик Төрегелді Шармановпен қоштасып жатырмыз. Ұлы адамдарды о дүниеге шығарып салу оңай емес. Төрегелді халыққа зор еңбегі сіңген, ұлы адам еді. Адамгершілігі мол, жан-жағына мерйімді. Жасымыздың кішкене алшақтығына қарамастан әзілдесіп, қалжыңымыз жарасқан еді. Ол кісіден мен көп нәрсені үйрендім, – деді ҚР Еңбек ері Асанәлі Әшімов.

– Достасып кеткеніме 70 жыл болды. 1954 жылы Қарағанды медицина түскенде, ол соңғы курсында оқып жүр екен. Нутрициология ғылымын Төкең басқарып, екеуміз осы саланы Қазақстанда үлкен дәрежеге жеткіздік. «Тайсалмай, халық үшін шындықты айту керек» деп бәрімізді әділ болуға шақыратын, – деді медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ахмет Алдашев.

Ұлы ұстаз, ғалым, Шарманов Төрегелді Шарманұлының есімі халық жүрегінде мәңгі сақталып, әлемнің медицина тарихында алтын әріптермен жазылған. Оның қалдырған еңбегі келешек ұрпаққа мәңгі үлгі болары сөзсіз.

Оқи отырыңыз: Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері, академик Төрегелді Шармановтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты