Алматыда орталықтандырылған су жүйесімен тұрғындардың 91 пайызы қамтылған

22.07.2021 в 20:21

Биыл 23 мың үйді жаңа желілерге қосу жоспарланып жатыр

Алматыда орталықтандырылған су жүйесімен 1 млн 800 мың тұрғын, яғни қалалықтардың 91 пайызы қамтылған. Ал қаланың 9 пайызының үздіксіз суға қолы жетпей отыр. Кеше арнамыздан өткен онлайн-презентация барысында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев осылай деді. Осы мәселені жүйелі шешу үшін қалаға қосылған аумақтарда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ықпал ететін «Жаңа Алматы» кешенді жоспары қабылданған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Былтыр Наурызбай, Алатау, Түрксіб, Жетісу аудандарындағы көшелерге 160 шақырым су құбыры мен 140 километр кәріз желілері салынды. Бұларға 60 мыңға жуық жеке үй қосылатын болады. Сондай-ақ өткен жылы 14,6 километр сумен жабдықтау және 1,8 шақырым су бөлу желілері қайта қалпына келтірілген. Бұдан бөлек, қаланың жоғары бөлігіндегі аудандарды сумен қамту үшін қуаты 15 мың текше метр болатын «Қарғалы» су құрылымы салынып жатыр. Жоба жүзеге асса, 35 мыңнан астам адам тіршілік көзіне кедергісіз қол жеткізбек.


«Біз қазір Наурызбай ауданында «Ақсай» су жинау және тазалау станциясын салуды қарастырып жатырмыз. Қазір жобаның сметалық құжатын әзірлеу жұмыстары аяқталып қалды. Бұл 40 мың тұрғынды ауыз сумен қамтуға көмектеседі. Тағы сол сияқты «Ерменсай» су станциясының да құжаты дайындалып жатыр. Бұл 22 мың тұрғынды қамтиды», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.


Жалпы биыл «Жаңа Алматы» жобасы аясында 24 шағын ауданда 140 шақырым судан бұру желілері салынады. Биыл 23 мың үйді жаңа желілерге қосу жоспарланып жатыр. 2022-2024 жылдары 36,7 мың үйді қосу жоспарланған. Қала әкімі бағдарлама барысында әр ауданға тоқталып, ондағы атқарылып жатқан шаруаларды тізбектеп шықты.

«Биыл Ақжар, Құрамыс, Тастыбұлақ, Таужолы, Шұғыладағы жалпы 78-ден жоғары км сумен қамту жұмысы бітетін болады. Мына Таусамалы қосылатын болады. Ақжар да, Тастыбұлақ та, Құрамыс та бәрі жаңадан Ақсайдан соғылатын су көзіне байланысты болып тұр», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.