Бұған дейін АҚШ «Альфа-Банк Қазақстанға» қатысты санкцияларды кеңейткен болатын
«Альфа-Банк Қазақстан» несиелік портфелінің бір бөлігін басқа екінші деңгейлі банктерге сатпақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазірдің өзінде банк отандық қаржы ұйымдарына акциясын 50 млрд теңгеге сату туралы келісім жасаған. Тағы бірнеше банкпен 40 млрд теңгеге келісім жасау жоспарланыпты. Осылайша қаржы банкке түссе, онда азаматтардың төлем операциялары тұрақталмақ. Бұл туралы бүгін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді. Бұған дейін АҚШ «Альфа-Банк Қазақстанға» қатысты санкцияларды кеңейткен болатын. Доллар валютасындағы операцияларға шектеу енгізіліп, банкте теңге айналымы да тұралап қалған еді. Айта кетейік, қаржы ұйымы 7 сәуірден бастап шамамен 100 млрд теңге көлемінде клиенттік төлем мен аударым жасаған.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде жақын арада банк клиенттерінің төлемі мен аударымы тұрақтанатын болады. «Альфа-Банк Қазақстан» депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысады. Бұл ҚР заңнамасында белгіленген лимит шегінде жеке тұлғалардың қаражатының сақталуына кепілдік береді», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.
Сондай-ақ «Сбербанк Қазақстан» АҚШ-тың қаржы министрлігінен шілдеге дейін штаттық режимде жұмыс істеу туралы арнайы лицензия алды. Енді екінші деңгейлі банкке салынған санкцияларға қарамастан, клиенттеріне теңге және рубльмен төлем операциясын шектеусіз 3 ай бойы жүзеге асыра алады.
«Сбербанк Қазақстан» қаржылық тұрақтылықты көрсетіп отыр. Түрлі несие рәсімдеу қызметі, ақша қаражатын қабылдау және беруді қоса алғанда, клиенттер алдындағы өз міндетін уақытылы орындауда. Банктің міндетін өтеу үшін өтімділіктің жеткілікті көлемін жинақтайтын шамамен 1,6 трлн теңге сомадағы жоғары сапалы несие портфелі бар», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.