Қазақстанда адам саудасы тыйылмай тұр

Фото: Зауреш СМАҒҰЛ
Фото: Зауреш СМАҒҰЛ
ІІМ келтірген дерек бойынша, жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ге жуық қылмыстық іс тіркеледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда адам саудасы тыйылмай тұр. Жыл басталғалы 4 айдың ішінде 65 жағдай тіркелген. Бұл ақпаратты ІІМ Марат Ахметжанов жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ғаламдық мәселеге айналған түйткілдің негізгі себептері елордада өткен халықаралық форумда талқыланды. Құзырлы орган өкілдері, депуттар, үкіметтік емес ұйым мүшелері мен сарапшылар бас қосып, қоғамда қордаланған мәселемен күресудің жолын іздеді.

Адам саудасы қазір ғаламдық проблемаға айналды. Олай деуіміз бекер емес. Құлдыққа мәжбүрлеу, қинап ұстау, еңбегін қанау – дамыған елдердің өзінде басты түйткіл. ІІМ келтірген дерек бойынша, жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ге жуық қылмыстық іс тіркеледі. Дені – құлдықтың қамытын киіп, бәзбіреудің қолында күшпен отырғандар.

– Былтыр, 6 айда 5 ұйымдасқан қылмысты құрықтадық. Биыл 1 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. Басты мақсат – соның салдары мен  себептерін анықтау. Сондықтан бүгінгі таңда Президент тапсырмасымен тұжырымдама дайындалып жатыр, – деді ҚР ІІМ Марат Ахметжанов.

Қоғамдағы олқылықты ретке келтіру үшін Президент пәрменімен алғаш рет адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы әзірленді. Құжаттың маңыздылығы бүгінге дейін құзырлы орган өкілдері мәселенің тек салдарымен ғана күресіп келсе, бұл жолы себебін назарға алып отыр. Бұл іске енді Ішкі істер министрлігімен қатар, барлық сала өкілдері жұмылдырылмақ.

– Біздің статистикамызға сәйкес, 82 пайыз адам саудасының құрбандары негізінен еңбек қанау дерегі, ал 7 пайыз сексуалдық қанау мақсатында сатылған. 2019 жылдан бері ҮЕҰ адам саудасына қатысты іс-шара атқарып жатыр. Шымкент және Алматы қаласында оқиға көп тіркеліп жатыр, – деді «Сана-сезім әйел бастамасының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шахноза Хасанова.

Әзірленген заң жобасы 6 тараудан тұрады. 22 баптан құралған. Онда алғаш рет заң деңгейінде Ішкі істер және Еңбек министрлігі атынан уәкілетті органдар жасақталады. Қысқасы, көпшілікке таныстырылған бастама құжатсыз құлға айналғандарды қатарға қосу, сатылып жатқан сәби саудасын тыю мен басқа да жан баласының зардап шегуін болдырмауға бағытталып отыр.

Бүгінде Қазақстан – адам құқығы бойынша 60-қа жуық көптарапты келісімнің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей қатысты. Ғаламдық проблеманың жолын кесуге бұлар да аздық етіп тұр. Соңғы 4 айда елде 65 жағдай тіркелген. Мәселен 37 – притондарды ұйымдастыру, 12 – жаңа туған сәбиді сату ісі анықталған. Ал қыздар мен кәмелет жасына толмаған балаларды жезөкшелікке тартудың 11 фактісі анықталған. Аз емес. Бүгінгі заң жобасы күшіне енсе, біраз түйткілдің түйіні тарқар еді.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров