Сондай-ақ, ол өмір бойына коммерциялық ұйымдарда немесе басқа да мекемелерде басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды
Шымкентте прокурорға пара бермек болған күдікті сотталды. Оған тергеу барысында жалған кәсіпкерлікпен айналысқан және жетекшілік еткен деген айып тағылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті күдіктіге қатысты тергеу шараларын аяқтаған. Қылмыстық істі қараған қалалық прокуратураның басқарма бастығының орынбасарына Тикунова К. 4 млн теңге көлемінде пара берген. Осы арқылы ол өзіне қатысты қылмыстық істі қысқартуды сұраған.
Әл-Фараби аудандық соты кеше айыпталушыны аталған қылмыстар бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушының мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ, ол өмір бойына коммерциялық ұйымдарда немесе басқа да мекемелерде басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.