Алматыда А. Қошановтың 85 жылдығы аталып өтті

11.10.2019 20:23

пресс-служба акимата Алматы


Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР ҰҒА-ның академигі Аманжол Қошановтың туғанының 85 жылдығына және ғылыми әрі қоғамдық қызметінің 60 жылдығына арналған халықаралық симпозиум өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алқалы жиын барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров салтанат иесін 85 жылдық мерейлі жасымен құттықтады және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатын оқып берді.

«Құрметті Аманжол Қошанұлы! 85 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз көрнекті ғалым ретінде отандық экономикалық ғылымды қалыптастыруға мол үлес қосып келесіз. Сіздің ғылыми еңбектеріңіз және ілгері зерттеулеріңіз тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеуіне өзіндік пайдасын тигізе беретіні сөзсіз. Денсаулығыңыз мықты болып, ізденіске толы өмір жолыңыздағы еселі еңбегіңіздің жемісін ұзағынан көре беріңіз», — делінген жеделхатта.

Симпозиумның жұмысына танымал отандық және шетелдік ғалымдар, жоғары оқу орындарының қызметкерлері, мемлекеттік билік органдарының, бизнестің, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам өкілдері қатысты.