Жануарларды қорғау туралы заң: көкпар мен бәйгеге тыйым салынуы мүмкін бе

© ok.ru
© ok.ru
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев заң жобасының басты мақсаты жануарларды қатыгездіктен қорғау екенін атап өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үй жануарларын серуендету мен тасымалдау ережесін бұзғандарға айыппұл күшейтіледі. Енді жануарды азаптағандар түрмеге қамалып, 3 миллион теңге айыппұл төлейді. Сонымен қатар, құжат аясында ит төбелестіруге тыйым салынады. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасының 407-1 баптарында жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін жеке тұлғаларға 5-тен 20 айлық есептік көрсеткішке дейін, лауазымды тұлғаларға 10-нан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделген.

«407-2-баптың ұсынылған редакциясында үй және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, ұстау, есепке алу, серуендету, тасымалдау, жансыздандыру ережелерін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін, лауазымды тұлғаларға 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін, заңды тұлғаларға 30-дан 40 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Заң жобасын әзірлеу кезінде айыппұл мөлшерін анықтау бойынша халықаралық тәжірибе ескерілді», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Сонымен қатар, жаңа нормада жануардың өліміне әкелген қатыгездік үшін жаза күшейтілді. Бірінші бөлімде жануардың мертігуіне әкеп соққан қатыгездігі үшін 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 30 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Екінші бөлімде жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездігі үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл және 50 тәулікке дейін қамауға алу ескерілген. Бұдан бөлек, ит таластыруға шектеулер қойылады.

Ал депутаттарды жануарлардың қатысуымен өтетін ұлттық спорт түрлеріне бұл заңның кесірі тимей ме деген сауал алаңдатты.

«Ұлттық спорт қауіпті. Жануарларға да, адамдарға да қауіпті. Көкпар, бәйге туралы айтып отырмын. Заң жобасында жануарлардың жарақат алуына және мертігуіне соқтыратын ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салу енгізіледі. Ұлттық спорттың жағдайы не болады? Асау үйрету, көкпардың жағдайы не болады сонда?», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан.

«Жануарлардың қатысуымен өтетін ұлттық спорт түрлері жануарға залал келтірмейді. Сондықтан Заң жобасында ұлттық спорт түрлерінде жануарлардың қатысуына тыйым салу қарастырылмаған», – деді Серікқали Брекешев.

Бұл мәселені Заңда астын сызып жеке жазу керек деп тапсырды Мәжіліс спикері. Бұдан басқа, заң жобасында жекелеген санаттағы жануарларға қарау және асырау кезіндегі талаптар анықталған. Үй жануарларын міндетті есепке алу да енгізіледі.

Асылбек Тойбек, «Алматы» теларнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров