Іле өзенінің жағалауында төтеншеліктердің «Жер-2021» халықаралық оқу-жаттығулары өткізілуде. Алматы облысындағы жартасты қала деп аталатын полигонда бірнеше мемлекеттің құтқарушылары табиғи және техногенді апаттар кезінде қоян-қолтық әрекет ету тетіктерін пысықтамақ. Айта кеткен жөн, жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері мен Қазақстан Республикасының Сенат депуттары да қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жер-2021» халықаралық оқу-жаттығу жиыны Жамбыл облысында қызмет бабында көз жұмған төтеншеліктерді еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды. Халықаралық маңызы бар шараға 40 техника, 2 тікұшақ және 600-ден астам адам қатысты. Оның ішінде, еліміздің 9 өңірінен келген құтқарушылардан бөлек, Қырғыстан, Өзбекстан елдерінің жасақтары тактикалық міндеттерін жеткілікті атқарып шықты.
«Өздеріңіз білетіндей, еліміздің шығыс аймақтары мен Алматы облысында сейсмикалық толқулар, жер сілкіністері жиі болып тұрады. Осы мақсатта біз өзіміздегі мүмкіндіктермен бірге, өзге де шетелдегі құрал-жабдықтарды көріп шықтық. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде төтенше жағдай болған кезде бір-бірімізге көмектесуге әзірміз», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Сондай-ақ төтеншеліктер Табиғи техногенді апаттарға төтеп берді. Өртті де сөндірді. Тікұшақпен ұшып өтті. Иісшіл итттердің көмегімен кинолог мамандар да жұмыс істеді. Сценарий бойынша ұшақ апаты болып, жолаушылар құтқарылды.
Ұшақ апатына түскен өртті төтеншеліктер әлі де өшіріп жатыр. Қазір нақты дерек жоқ. Бірақ ішінде адам қалуы мүмкін. Ал дәл жанында аурухана госпиталі жасақталған. Жедел-жәрдем қызметкерлері зардап шеккен адамдарды ауруханаға жеткізіп жатыр.
Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша жұмысқа толық талдау жүргізілді, мамандар тарапынан төтеншеліктердің дайындығына баға берілді. Сондай-ақ, қызметкерлердің жұмысын одан әрі жетілдірудің басым бағыттары айқындалды.
«Қарым-қабілетімізді арттыру мақсатында Қазақстандағы оқу-жаттығу жиынына бірінші рет қатысып тұрмыз. 2018 жылы біз өз елімізде қазақстандық төтенше жағдайлар бойынша жасақтарды қабылдағанбыз. Биыл біз келіп тұрмыз. Тәжірибе көрсеткендей, бұл бізге халықаралық деңгейде өсуімізге мүмкіндік береді», – деді Өзбекстан Республикасы ТЖМ арнайы мақсаттағы республикалық құтқару орталығы командирінің орынбасары Шухрат Азимов.
Айта кетейік, «Жер-2021» халықаралық оқу-жаттығу жиыны 6 күнге созылады. Осы уақыт аралығында қызметкерлер төтенше жағдай кезінде адам құтқарудың түрлі тәсілдерін үйренеді, кәсіби тұрғыда шыңдалады. 27 қыркүйек күні жиынның қорытындысы өткізіліп, үздік деп танылған қызметкерлер мапаратталады.
Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы