Алматыдағы «Ақсай нан» фирмалық дүкені 4-5 ай бойы сауда нүктелеріне нан жеткізуін тоқтатты дейді шағын кәсіпкерлер. Олар «күніне кезекте тұрып бес сағатта бес бөлкені әзер тасып жүрміз» деп шағым айтты. Әркім мүмкіндігінше нан таситын болған соң, санитарлық тазалық та сақталмайтынын жасырмады. Ал «Ақсай нан» басшылығының әлі нақты жауап бермей отырғанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ақсай нан» фирмалық дүкеніне нан алуға келген кәсіпкерлер кезегіміз келгенше кеш батады деп мұңын шақты. Қолына дорбасын, қала берді, нан толы қорабын құшақтаған алушылар мұндайда тазалықты да ұмытып кетеміз дейді. Тіпті, кейде нан да жерге түсіп кететін кездер болады екен.
«Бес бөлке нан үшін бес сағат кезекте тұрамыз» деген кәсіпкерлер бұл мәселенің шешілмегеніне алты ай болды деп шағым айтып отыр. Олардың айтуынша, «Ақсай нан» басшылығы бұл мәселеге жауап бермей, немқұрайлы қарап отыр. Сол себепті де осындай санитарлық нормалары сақталмаған көлікпен өздері нан тасып алуға мәжбүр.
«Бұл көлігіммен бәрін тасимын, құрылыс материалын да, нан да, басқа тауар да тасимын, жолаушылар да, бала-шағам да отырады. Енді осындай санитарлық нормаға сай келмейтін көлікпен біз нан тасып жүрміз, өйткені, солай етугемәжбүрміз», – дейді кәсіпкер Құнанбай Халалхан.
Бұрын ыстық бөлкелерді сауда нүктелеріне наубайхана қызметкерлері кешіктірмей жеткізетін. Енді кезек күтіп, күдері үзілген кәсіпкерлер «Ақсай нан» басшылығы базынамызды тыңдамағасын, мәселенің жауабын өзіміз іздеп көрдік дейді.
«Күнде осындай уақытта келіп ұзын-сонар кезек күтеміз. Комбинат дүкенінде жүргізуші жоқ дейді. Не себептер болғанын білмейміз, бірақ осылай өзіміз алуға мәжбүр болып жүрміз. Жұмысымызды тастап, есігімізді жауып, жұмыс уақытында осылай келіп тұрамыз», – дейді тағы бір кәсіпкер Нұргүл Жайнақова.
«Жүргізушілердің өзімен де сөйлесіп көрдік. Сөйтсек, жүргізушілер басшылыққа «жалақымызды көтеріңдер» деп талап қойған кезде, басшылығы бәріне жиналыс ашып, тең жартысын сол жиналыстың үстінде жұмыстан қуып шыққан екен», – дейді кәсіпкер Құнанбай Халалхан.
Аталмыш мәселені алға тартып, Алматы қалалық кәсіпкерлікті дамыту басқармасына жүгіндік. Олардың айтуынша даудың басы расымен жүргізуші санының жетіспеуінен болған екен.
«Айлықтарына қатысты сондай шағымдар болатын. Олар ұйымның әкімшілігіне «айлығымызды көтеріңдер» талап қойған. Ұйымда 200-ге жуық арнайы «ГАЗель» көлігі бар, қазір соның тек 150-і ғана рейсте жүр. Бұл мәселе шешіледі, рейске шығатын көліктердің саны ұлғаяды», - деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Қаланың 70% -ыннанмен қамтитын «Ақсай нан» басшылығы қазір кезектің алдын алуы үшін қосымша тағы бір терезе ашып, кәсіпкерлерге нанды сол жерден береміз деп шешіпті. Дегенмен, жақын арада мәселенің шешілетінін уәде етіп отыр.
Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпайсов, «Алматы» теларнасы