Жаңа жылдан кейін азық-түлік бағасы тағы қымбаттай ма

24.12.2021 20:47

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы бұл мәселеге болжам жасай алмайтынын айтты

Almaty.tv

Жаңа жылдан кейін азық-түлік бағасы тағы қымбаттай ма? Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бұл мәселеге болжам жасай алмайтынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Барлығы пандемияға байланысты деп сілтеп отыр. Індет бітпей, азық-түлік құнының өсуін тоқтата алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, отандық өнімдердің қымбаттауына теміржол қатынасы, жанар-жағармай, жарықтың қымбаттауы сияқты факторлар әсер етіп жатыр. Бірақ кейде бағаны негізсіз көтеретіндер де болады, оларға айыппұл салынатынын айтып қалды.

«Індет аяқталмай, әрине, бағаның өсуін тоқтата алмаймыз. Себебі, оның басты негізі – логистикалық жүйелеріміз, байланыстарымыз үзіліп кетті. Сол себепті, әрине, қазіргі уақытта әрбір ұлт өзінің протекционизм саясатын жүзеге асырып, өз мемлекетін азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатыр. Бай мемлекеттер бағаға қарамайды. Оларға тек тауардың болуы тапшы болмаса болды», – деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.