35 жастағы оралдық БҚО тұрғындарын 12 млн теңгеге отырғызып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандық 12 тұрғын 1984 жылғы ер адамды алаяқтығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағым түсірген.
Аталған ер адам автокөліктерді арзан бағаға сатып алып беремін деп, жәбірленушілерді алдаған. Сөйтіп олардың 12 млн теңгесін жымқырып кеткен.
Қазіргі кезде Орал қаласы полиция басқармасының Абай полиция бөлімі осы оқиға бойынша ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігіне сәйкес (алаяқтық) тергеу амалдарын жүргізуде.
Алданғандар саны бұдан көп болуы да ықтимал. Сондықтан ондай адамдар болса, (7112) 98-43-03, 98-45-16 немесе 102 телефонына хабарласып, арыздануына болады.